«Отбасы, ана мен бала – біздің конституциялық құқығымыз» дөңгелек үстелі

Қазақстан Республикасының Конституция күні – Қазақстанда жыл сайын 30 тамызда атап өтілетін ресми мемлекеттік мерекелердің бірі. 1995 жылғы 30 тамызда жалпыұлттық референдум өтіп, онда Қазақстан халқы жаңа Конституцияның жобасын мақұлдады. Бұл Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет ретінде құру жолындағы шешуші сәттердің бірі болды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын  атап өту аясында Көкшетау техникалық институтының әйелдер кеңесі «Отбасы, ана және бала-біздің конституциялық құқығымыз» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды, оған Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ, Ақмола облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өкілдері, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Көкшетау қалаларының КТИ оқу орталықтарының қызметкерлері қатысты. Іс-шара online режимінде өтті.

Аналар кеңесінің мүшесі, «Қоғамдық келісім» КММ кәсіби медиаторы, Ақмола облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық сотының төрайымы А.У. Жұматованың «Конституция балалардың құқықтарын қорғаудың кепілі» тақырыбындағы баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды. Айсұлу Өмірсерікқызы дөңгелек үстел қатысушыларын мазалап жүрген барлық сұрақтарға жауап берді.

Сондай-ақ спикерлер ретінде аталмыш институттың әлеуметтік-гуманитарлық пәндер, тілдік және психологиялық дайындық кафедрасының аға оқытушысы, азаматтық қорғау капитаны А. Ғ. Рахым «Қазақстан Республикасының Конституциясы» тақырыбында және Көкшетау қаласының №4 арнайы мектеп-интернаты директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары А. Б. Құсайынова «Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің заманауи үлгісі ретінде» тақырыбында баяндама жасады.

Іс-шара қызықты және аса мазмұнды болды, онда талқыланған мәселелер қазіргі уақытта өте өзекті болып табылады. Біздің Конституция – Қазақстан Республикасының Негізгі Заңы ретінде – әрқашан отбасын, ана мен баланы қорғаудың басты кепілі болып саналады.