Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Ту – мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рәміздерінің бірі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран (бүркіт) бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Суретші Шәкен Ниязбеков оның авторы болып табылады. «Флаг» термині нидерландының «vlag» сөзінен шыққан. Ту – белгіленген көлем мен түстегі, елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.

Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды танытады. Мәселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық пен мінсіздік қасиеттерді білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер аспанды тәңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның Мемлекеттік туында ол ашық аспанды, бейбітшілік пен игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді.

Геральдика қағидаттарына сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуатты бейнелейді. Сондықтан еліміздің туындағы күн шапағаты дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген. Қазақстанның мемлекеттік атрибутикасында күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жаңа жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды.

Қыран (бүркіт) бейнесі – көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларында ерте кезден бері қолданылып келе жатқан басты геральдикалық атрибуттардың бірі. Бұл бейне биліктің, қырағылық пен кеңпейілділіктің символы ретінде қабылданды. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің күш-қуатын, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразилық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады. Олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмтылысын көрсетеді.

Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен ұзын бойына кескінделген ұлттық өрнектер – оның маңызды элементі болып табылады. Қазақ ою-өрнектері – дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түрлі формалар мен желілер үйлесімін танытатын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.

Leave a Reply

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.