«Ақ орамал – асыл аналардың аманаты» фестивалі
Республикалық «Ақ орамал» күні аясында Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанында құрылған Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана -Мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Ақ орамал – асыл аналардың аманаты» фестивалі өтті.
Ғимараттың 1 қабатында Қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі өткізіледі.
«Ақ орамал» күнін өткізу арқылы қазақстандықтарды этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру. Отан отбасынан басталатынына назар аударып, әр отбасындағы ана мейірімінің, тәрбиесінің маңызына аса мән беру.
Орамал – әйел адамдардың қорғаны, қасиеті мен киесі. Кешегі ата-әжелеріміз ақ жаулықты құрметтеп, әдеп сақтап, ұлттық болмысын ұмытпады. Орамал – әуелі ана, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Ақ орамалдың мән-маңызы ұлықталып, сол арқылы Ана бейнесі ардақталады. Өйткені әйел-ана – өмірдің жалғасы, тіршілік ұйытқысы. Анаға қанша құрмет көрсетсе де артық етпейді.
Іс-шара барысында ортаға жаңа түсен, ана болу сезімін жаңа сезініп жатқан жас келіндер шақырылып, ақ орамалдың қадірін өмір бойы ұмытпай, ел ертеңі – ұрпақ тәрбиесіне аса мән беретін сүйікті жар, аяулы ана болыңыздар деген ниетпен, құрметті әжелердің аялы қолдарымен бастарына ақ орамал тақты .
Іс-шараға «Асыл аналар» көпбалалы аналар қауымдастығының мүшелері, Көкшетау қаласының № 17 мектеп-гимназиясының «Мәншүк» қыздар клубы, Зеренді ауданынан Аналар кеңесінің төрайымы Ибраева Г.А. «Манас» қырғыз этномәдени қауымдастығының мүшелері Имаралиева К. А. мен Зулумбекова М. Т. сондай-ақ облыстық Аналар кеңесінің төрағалары, білім беру мекемелеріндегі қыздар клубтары қатысты.
Іс-шараның соңында марапаттау болды.