Мемлекеттік тілге құрмет көрсеттік

Ағымдағы жылдың 18 қыркүйегінде «Қоғамдық келісім» КММ «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» Ақмола филиалының (АРСК) ұйымдастыруымен Тілдер күніне арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға АРСК мүшелері, «Бурабай» колледжінің студенттері қатысты.

Облыстық филиал төрағасы Геннадий Осиненко өзінің кіріспе сөзінде тілдер күні – Қазақстанның барлық азаматтарының достығын, туыстығын және бірлігін көрсететінін, ал мемлекеттік тілді білу ұлттың бірігуіне ықпал ететінін атап өтті және де ол жас мамандарға мемлекеттік тіл мен басқа да тілдерді белсенді меңгеру адам ой-өрісін кеңейтетінін айтты.

Облыстық Достық үйі жанындағы Мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының көшбасшысы – Милана Тарасова, «Ассамблея жастары» облыстық филиалы жастар бірлестігінің мүшесі – Владислав Вебер, қазақ тілінде өздерінің өмірбаяны, оқуы, қоғамдық қызметі туралы айтып, мемлекеттік тілді жақсы білетіндіктерін көрсетті., Біржан сал атындағы музыкалық колледж студенті Роман Борисовский да өзін мемлекеттік тілде таныстырып, содан кейін домбырада қазақ әуенін орындады, Татьяна Король қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың өлеңін оқыды, ал музыкалық колледждің оқытушысы Ольга Юрикова «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқады.

Іс-шара барысында қатысушылардың әрқайсысы мемлекеттік тілде өзі туралы қысқаша айтып беруге тырысты. Кездесудің лейтмотиві мемлекеттік тілді талқылау, оны жас ұрпақтың игеруі болды.

Дөңгелек үстел соңында белсенді тыңдаушылар алғыс хаттармен және АРСК атынан естелік сыйлықтармен марапатталды.