Мектеп медиациясы
Татуластыру рәсімдерін дамытудың және дауларды реттеудің басым бағыттарының бірі медиация болып табылады.Осы орайда «Қоғамдық келісім» КММ онлайн режимде «Мектеп медиациясы – жанжалдар мен даулардан шығудың баламалы тәсілі» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрайымы Жұматова А.Ө., Ақмола облысы білім басқармасының өкілдері, мектеп директорларының орынбасарлары мен психологтар, кәсіби медиаторлар қатысты.
Іс-шараның мақсаты – білім беру саласындағы дауларды шешу үшін медиацияны қолдану тәжірибесін насихаттау, даулы және жанжалды жағдайларды шешудің балама тәсілі ретінде медиация институтына деген халықтың сенімін арттыру.
Өз сөзінде мектеп медиациясы бойынша сарапшы Б. К. Кушекова бейтарап тараптың қатысуымен білім беру мекемелерінде дауларды реттеуді оқыту бойынша әдістемелік әзірлемелер ұсынылған өзінің оқу-әдістемелік құралы туралы айтып берді.
Сөз сөйлеген А. Ө. Жұматова бүгінде медиаторлар соттар жұмысына үлкен ықпал жасап, адамдарға ескі мәселелерін шешуге көмектесіп, бір-біріне жөн көзқарас пен төзімділікке үйретіп жатқанын атап өтті. -Педагог-медиаторлардың көмегімен біз балаларды жанжал жағдайларында дұрыс шешім табуға, олардан аз шығынмен шығуға үйретеміз, – деді Айсұлу Өмірсерікқызы.
Семинар білім беру саласындағы дауларды шешу үшін медиацияны қолдану практикасының өзекті мәселелерін талқылау және пікір алмасу үшін диалог алаңы болды.