«Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының «Сарқыты» үміт пен жақсылық сыйлауда!
«Қайырымдылық керуені» қайырымдылық шарасы этномәдени бірлестіктердің қатысуымен ақмола өңірі тұрғындарына үміт пен жақсылық сыйлауды жалғастыруда.
Бұл жолы Умар Шоназаров бастаған Көкшетау қаласының «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы» ҚБ өкілдері, қиын өмірлік жағдайға тап болған, көпбалалы отбасыларды аралады.
Динара Сальменова – үш баласы бар жас ана, осыдан бірнеше жыл бұрын өкпе түбіркулезі ауруына шалдығып, қазіргі кезде тағы да екі жылға есептелген ем шараларын қабылдауда. Оның жұбайы Руслан Сальменов, 11 жасар Эмир, 10 жасар Жансұлу және 6 жасар Дамир есімді үш баланың әкесі, оларды тастап, жаңа отбасын құрған. Алимент төлеуден жасырынып, балаларға еш көмек көрсетпейді. Жатақханада өмір сүру қиын болған соң Динара Өміржанқызы кішкентай балаларымен өзінің ата-анасының үйіне көшіп баруға мәжбүр болды. Динараның анасы Бақыт Ілясова науқас қызына балаларды тәрбиелеуге көмектесу үшін жұмыстан шықты. Бұл отбасындағы жалғыз асыраушы, әскери күзетте қызмет ететін кішкентай балалардың атасы болып табылады.
«Санги-Кабуд» тәжік ұлттық орталығы жастар қанатыны өкілдерінің – ұн, дәнді дақылдар, жемістер салынған «Сарқытпен» бұл отбасына қонаққа келуі олар үшін тосын әрі қуанышты жағдай болды.
«Сіздердің танытып отырған назарларыңыз бен қолдауларыңызға аса ризамын! Мен Қазақстанда Ассамблея сынды ұйымның бар екенін бұған дейін естіген едім, бірақ бұл ұйымның қарапайым адамдарға шынайы көмек көрсететінін білмедім. Сіздер өте жақсы істер жасаудасыздар! Сол үшін сіздерге үлкен алғыс айтамын! Қызымның тез арада науқасынан айығып, өз ұжымына оралып, балаларын толыққанды тәрбиелеуін армандаймын», – дей отырып көзіне жас алды Бақыт Ислямбекқызы.
«Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы жастар қанатының басшысы Далер Юсупов пен оның орынбасары Сахип Яхъяевтың барған келесі отбасы, жалдамалы үйде өмір сүретін көпбалалы Гаухар Түлкешованың үйі болды. Арықша келген үй қожайынының түрінен денсаулығының мүшкіл екені бірден байқалды. Гаухар Аманбайқызымен әңгімелесу барысында, оның көп жылдан бері плевритпен (өкпе қабының талаурауы) ауыратыны белгілі болды. Онымен бірге – бірінші курс студенті, болашақ заңгер, ұлы Адияр, тоғызыншы сыныпта оқитын Марлен, 5 сынып оқитын 11 жасар қызы Сабина және үш жасар Аймира есімді қызы тұрады.
Этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өтіп жатқан «Сарқыт» акциясы сынды қайырымдылық шаралары осынау қаңтардың қытымыр күндері көмекке мұқтаж жандарға үлкен қолдау болып, оларды сәл де болса бақытты етеді деген сенім мол!
Бақыт Мухамедрахимова – Тасова, Ақмола облысы әкімі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-хатшысы.
Фото автордан.