ҚХА «Мың бала» ғылыми-ағартушылық жобасының жеңімпаздары анықталды
А. ж. 20 қарашасы күні ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде ҚХА жыл сайынғы «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аясындағы іс-шаралардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді. Елдегі қалыптасқан карантиндік жағдайларға байланысты республиканың барлық өңірлері аталмыш шараға ZOOM онлайн-платформасы арқылы қатысты.
Марапаттау рәсіммінің алдында кезектесе сөз алған ҚХА төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ж.Қ. Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.А. Әзілханов, жақында ғана тағайындалған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары М.Т. Бекбаева, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Е.С. Шәуеновтер «Мың бала» ғылыми-ағартушылық жобасының маңыздылығы, аталмыш жобаның қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтудегі рөлі мен орны, қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде дамытудың өзекті мәселелері туралы баяндады.
Іс-шара барысында жобаның негізгі бағыттары саналатын «Тіл мектебі», «Асыл сөз», «Abaıdyń 175 jyldyǵy» аталымдарында әр өңірде өткен шаралардың жеңімпаздары марапатталды.
Биылғы жылы аталмыш жоба аясында Ақмола облысынан «Тіл мектебі» бағыты бойынша Макинск қаласының №5 орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі Е. Хасиханның 7-9 сыныптарға арналған «Абайдын қара сөздері бойынша эссе жазу элективті курсы» жұмысы және Көкшетау қаласы білім бөлімінің «№ 1 Красный Яр орта мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Ш. Саденованың «Эссе – сауатты жазу мен салмақты ой бастауы» атты авторлық бағдарламасы үздік деп танылса, «Асыл сөз» бағыты бойынша Ақкөл ауданының №2 Ақкөл орта мектебінің 8- сынып оқушысы Л.Н. Бякярис жеңімпаз атанды. Ал, осы жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына және латын әліпбиінің кеңінен қолданылуын дамытуға арналған «Abaıdyń 175 jyldyǵy» бағыты бойынша Бұланды аудандық білім бөлімінің әдіскері Ж.Б. Бүркітбай және Көкшетау гуманитарлық-техникалық колледжінің 2 курс студенті, Ақмола облысы «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының белсенді мүшесі А.С. Соколова жеңімпаздар атағына ие болды.
Осы ретте, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ республикалық жобада жеңімпаз атанған жерлестерімізді шын жүректен құттықтай отырып, оларға шығармашылық табыс және алдағы уақытта да биік белестерден көріне беру тілегін білдіреді.