Тарихтан тағылым – өткенге тағзым
А. ж. 31 мамырында Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасы аясында «Қоғамдық келісім» КММ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған ғылыми конференция өткізді. Іс-шара онлайн форматта өтті.
Конференция жұмысына ғалымдар, ЖОО оқытушылары, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сол кезеңде қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың ұрпақтары қатысты.
Конференция жұмысын аша отырып «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Е. Б. Нұғыманов, бүгінгі конференция – қуғын-сүргін кезеңінде кінәсіз зардап шеккендерге құрмет білдіріп, өткен ғасырдың 20-30 жылдары біздің халқымыздың үлесіне тиген ауыр сынақтар туралы естеліктерді тағы бір мәрте ой-санамыздан өткізетін ерекше шара екенін айтты. – Болашағымыз жарқын болсын десек ХХ ғасырдың қайғылы тарихын білу және есте сақтау маңызды. Бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік және өңірлік комиссиялар жұмыс істейді, – деп атап өтті Ермек Бекенұлы. Іс-шара басталар алдында қатысушылар сталиндік қуғын-сүргін жылдарында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Тарихшы-ғалымдар Е. Т. Елжанова мен М. З. Өтегенов баяндама жасап, саяси қуғын-сүргін құрбандары болған «Алаш» қозғалысының қоғамдық-саяси қызметі, оның мүшелерінің қайғылы тағдырлары, түрлі халықтардың Қазақстанға депортациялануларының себептері мен салдары туралы әңгімеледі.
Әр жылдары Қазақстанға 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы жер аударған. Жер аударған халықтардың өкілдері мен ұрпақтары Хаврушина Л. С., Нагачевская Н.М., Т. М. Хашиева қазақ халқына зор алғыстарын білдіре отырып, депортация жылдары туралы, олардың ата-аналарының, ата-әжелерінің қандай қиыншылықтармен кездескендері және халықтар достығы қалай нығайтылғандығы туралы әңгімелері және естеліктерімен бөлісті.
Конференцияда Облыстың мемлекеттік мұрағаты дайындаған Ақмола облысындағы 1919-1954 жылдардағы саяси қуғын-сүргін туралы мұрағат құжаттарының жинағы таныстырылды.
Конференция қатысушылары тарихи жадыны сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы үлкен парыз, олар үшін ХХ ғасырдағы қайғылы оқиғалар адамгершілік, бірлік және келісім сабағы болуы тиіс деген пікірге бірауыздан тоқталды.