Дипломатия мерекесі
Биыл Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады.
Осыған орай Ақмола облысына Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің орынбасары Томаш Коллат келді.
Көкшетау қаласындағы «Bolashaq Saraiy» балалар мен жасөспірімдер сарайында салтанатты өткен іс-шарада Елшінің орынбасарын поляк диаспорасының, этно-мәдени бірлестіктердің және Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының өкілдері құшақ жая қарсы алды.
Мерекелік тақырыптық баннерлер мен слайдтар фойе мен залдың сахнасын безендірді. Қонақтар ҚХАА сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесін, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспонаттарын тамашалап, Жастар сарайының кабинеттерін аралап, балалардың өнер, спорт, ғылыми-техникалық және IT саласындағы қабілеттері мен таланттарын дамыту жөніндегі «Bolashaq saraiy» қызметімен танысты.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов құттықтау сөзінде Қазақстанда 28 мың поляк тұратынын, оның 8 мыңы Ақмола облысында тұратынын атап өтті. Өңірдегі поляк диаспорасының ана тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін оқып-үйреніп, тарихи отанымен рухани жақындасуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. «Полония» өкілдері облыстың қоғамдық және әлеуметтік-мәдени өміріне белсенді түрде қатысады.
Польша Республикасы Елшісінің орынбасары Томаш Коллат көкшетаулықтарға жылы лебізі үшін алғысын білдірді. Ол 30 жыл ішінде достық қарым-қатынастар екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал еткенін атап өтіп, алдағы жылдары екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы жан-жақты ынтымақтастық біздің халықтарымыздың игілігі үшін кеңейетініне сенім білдірді.
Тараптар естелік сыйлықтармен алмасты.
Салтанатты шара Көкшетау мәдениет сарайының шығармашылық ұжымы мен Ақмола облысы поляктар бірлестігінің өнер ұжымдарының орындауындағы мерекелік концертпен аяқталды.