Отбасылық тілдесу клубының үздік ұйымы
Ағымдағы жылдың 16 мамыры Көкшетау қаласының № 1 құрылыс техникалық колледжінде «Отбасылық тілдесу клубының үздік ұйымы» атты облыстық байқау өтті. Оған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының Аналар кеңесінің мүшелері шақырылды. Іс-шара Халықаралық отбасы күніне орайластырылды.
Байқауға Ақмола облысының аудандарынан және Көкшетау мен Степногор қалаларынан 16 клуб қатысты. Оның негізгі мақсаты – отбасылық демалысты ұйымдастырудың жаңа үлгілерін дамыту, отбасы әлеуетін шығармашылық іске асыру үшін жағдай жасау. Отбасылық тілдесу клубы жанұяның бірігуіне септесіп, үйлесімдік қарым-қатынастарды сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Бірінші айналым уақытында шығармашылыққа еркіндік беріліп, таныстырылымдар ұсынылды. Клубтар өзінің әдістемелік және шығармашылық жұмыстарын көрсетті. Күрес оңай болмады.
Әділқазылар үздіктерін таңдады. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Атбасар ауданынан келген «Жанұя» клубы алды. Екінші орынды Біржан сал ауданының «Отау» және Зеренді ауданының «Нұрлы шаңырақ» клубтары бөлісті. Үшінші орын Ерейментау ауданының «Ғибрат» және Степногор қаласынан келген «Мен және отбасым» клубтарына бұйырды.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының көрермендер көзайымы сыйлығын Целиноград ауданының «Гармония» мен Жарқайың ауданының «Отбасы әлемі» отбасылық тілдесу клубының өкілдері ҚХАА Аналар кеңесінің төрайымы З. Қиықованың қолынан алды.