Отбасы – мемлекеттің негізі
12 ақпан күні Ақмола облыстық сотында «Отбасылық сот, оның дамуы, өзекті мәселелері» атты тақырыптағы дөңгелек үстел өтіп, оған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы З. Қиықова және ҚХА-мен өзара әрекет ететін кәсіби емес медиаторлар қатысты.
Түрлі мемлекеттік мекемелердің өкілдері, отбасылық қарым-қатынасқа байланысты тез арада шешімін табуы тиіс сұрақтарды талқылады. Олардың ең негізгілері – отбасылық соттарды құру сұрақтары бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оларды шешу жолдары, отбасылық соттардағы істердің қаралу ерекшелігі сынды сауалдар болды.
Сонымен қатар «дөңгелек үстел» кездесуінде ажырау алдында тұрған отбасыларға тегін психологиялық көмек көрсету қажеттілігі туралы айтылды. Отбасылық даулар бойынша зейнеткерліктегі судьялар мен қоғамдық өкілдерін тарту арқылы кеңес беруді ұйымдастыру шешілді.
Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы З. Қиықова жиынға қатысушылармен отбасылық тәрбие бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Ол жастарды тәрбиелеу ісінде отбасылық дәстүрлерге аса мән бере отырып, отбасының рөлін насихаттаудың маңыздылығын атап көрсетті.
Іскерлік әрі жүйелі түрде өткен іс-шара барысында «Отбасылық сот» атты – жаңа жоба ұсынылды. Оның іске асырылуы мемлекетіміздегі отбасылық саясаттың дамуына, отбасы институтының нығаюына өз септігін тигізері анық.