Облыстық ассамблея мүшелері марапатталды

Ел Президентінің Жарлығымен 5 қыркүйек Қазақстан халқының Тілдер күні болып жарияланды. 2017 жылдан бастап қазақстандықтар бұл мерекені қазақ ағартушысы және ғалымы Ахмет Байтұрсыновтың туған күнінде атап өтеді.

Биыл ғалым, қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың негізін қалаушы, ұлттық жазудың реформаторына 150 жыл толды.

Осыған орай «Достар» МҮ Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Әкім мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, мемлекеттік тілді дамыту және насихаттаумен белсенді айналысатын қоғам қайраткерлеріне наградалар тапсырды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталғандардың арасында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ермек Нұғыманов болды. Сонымен қатар, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының көшбасшысы Милана Тарасова облыс әкімінің Алғыс хатына және 50 мың теңгелік сертификатқа ие болды.