Медиация бойынша семинар
А. ж. 29 қазанында “Қоғамдық келісім” КММ медиация институтын дамыту бойынша республикалық семинар-тренинг өтті. Іс-шара ұйымдастырушысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің “Қоғамдық келісім” РММ. Тыңдаушылар – этномәдени бірлестіктердің, облыстық Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының өкілдері, оқу орындарының педагогтары, психологтары, кәсіби емес медиаторлар.
Шараның ашылуында “Қоғамдық келісім” КММ басшысының орынбасары А.М. Раисов құттықтау сөз сөйледі. Ал ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ жобаларды іске асыру және ҚХА қоғамдық құрылымдарымен жұмыс басқармасының басшысы Т. М. Италиева өз сөзінде медиация институты туралы, жанжалды жағдайларды шешудегі медиацияның рөлі туралы айтып, этносаралық қатынастар саласында туындайтын дауларды, қақтығыстарды тиімді шешу үшін медиаторлар жұмысының форматын өзгертуді қазіргі заманғы сын-қатерлер талап етіп отырғанын атап өтті. Содан кейін тыңдаушылар қазақ және орыс тілдеріндегі екі топқа бөлінді.
Олармен республикалық Медиация кеңесінің мүшелері, этносаралық жанжалдар жөніндегі жаттықтырушылар А. Т. Сисенбаева мен К. Ж. Шалбулова практикалық сабақтарды жалғастырды. Медиаторлар мен қақтығысушы тараптар рөлдерінде болып тыңдаушылар белсенді түрде медиатордың дағдыларын игерді. Сабақ барысында оқытушылар тыңдаушыларға этносаралық медиацияның ерекшеліктері, этносаралық қақтығыстарды жіктеу және оларды шешуде медиацияны қолдану туралы айтып берді. Семинар соңында тыңдаушылар өзара пікір алмасып, барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.