Халықаралық конференция

А.ж. 18 қазанда Семей ядролық сынақ полигонындағы соңғы жарылыстың өткеніне 30 жыл толу қарсаңында «Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы» ҚБ Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қатысуымен Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Конференция жұмысына халық жазушысы, дипломат, «Невада– Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі О. О. Сүлейменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ресей, Ингушетия Республикасының, Қазақстан Республикасының ғалымдары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, мемлекеттік органдар мен жақын және алыс шетелдің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Конференцияға қатысушылар Семей полигонының жабылуы республика тәуелсіздігінің жариялануымен байланысты маңызды оқиғалардың бірі болғанын атап өтті. Ол біздің елімізге халықаралық аренада бейбіт бастамалар көтеруге  моральдық құқық және әлемдік бизнес-қоғамдастықтың зор сенімін берді. Қазақстанның ядролық қару мен ядролық сынақтарға қатысты ұстанымы мемлекеттің оң имиджін одан әрі қалыптастыруға, бейбіт, сындарлы сыртқы саясатты ілгерілетуге негіз болуда.

Шетелдік қатысушылар Қазақстанның ядролық қарусыздану ісіне қосқан зор үлесін, оның ядросыз әлем құру жөніндегі халықаралық антиядролық бастамаларын атап өтіп, әлемдік қоғамдастықты ядролық қарудан азат әлем құруға шақырды.