Рухани келісім күні
А. ж. 15 қазанында «Қоғамдық келісім» КММ Рухани келісім күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Іс-шараға діни конфессиялардың, этномәдени бірлестіктердің, ҚХАА қоғамдық құрылымдарының басшылары, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шара қатысушыларын облыстық дін істері басқармасының басшысы А. Е. Мұқажанов құттықтап, Рухани келісім күні – бұл бірлік пен кешірімнің, мейірімділік пен өзара түсіністіктің, жанжалдасушы тараптарды татуластырудың, жақындарымызға көмек көрсету күні екенін атап өтті.
Жиын барысында сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Е. Б. Нұғыманов, Көкшетау және Ақмола епархиясы бөлімінің жетекшісі В. В. Анферов, Ақмола облысы поляктар бірлестігінің төрайымы Н. М. Нагачевская барша жұртты шыққан тегі мен діни сеніміне қарамастан өздерінің дәстүрлі адамгершілік құндылықтарының айналасына топтасуға, қоғамдағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бірлесе күш-жігер жұмсауға шақырды.
Жастарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу, толеранттылық пен рухани келісім идеяларын насихаттауға зор үлес қосқаны үшін діни конфессиялардың өкілдері, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелері облыс әкімінің орынбасары, «Қоғамдық келісім» КММ алғыс хаттары және естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Іс-шара этномәдени бірлестіктер мен Достық үйінің шығармашылық ұжымдары қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.