Өткенге тағзым
А.ж. жылдың 31 мамырында “Қоғамдық келісім” КММ-де “Тарихтан тағылым – өткенге тағзым” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ғалымдар, облыстық мұрағат, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары қатысты. Модератор, “Қоғамдық келісім” КММ бөлім басшысы Әділ Раев 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде Қазақстан үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, біздің республикамыз миллиондаған кеңес азаматтарын депортациялау орнына айналды. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері-АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Қазақстанның өзінде 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам атылды, олардың ішінде қазақстандық зиялы қауым өкілдері: көрнекті ғылым, мәдениет, саясат қайраткерлері бар.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қашықтықтан білім беру технологиялары орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегенов 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін КСРО-да басталып, 1956 жылға дейін жалғасқан саяси қуғын-сүргін тарихы, сол дәуірдегі адамдардың тағдыры мен қайғылы уақыты туралы жалпы ақпарат беріп, олардың себептері мен кеңес халқы үшін салдары туралы айтып берді. “Ақмола облысының мемлекеттік мұрағаты” КММ бөлім басшысы Ділдар Бегайдарова өзімен бірге Ақмола облысындағы саяси респрессиялардың құрбандары туралы сақталған мұрағаттық құжаттарды алып келді, республикада Қазақстанның заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған 345 мыңнан астам азаматы ақталғанын, олар туралы диссертациялар, ғылыми жұмыстардың жинақтары жазылғанын, монографиялар мен кітаптар шығарылғанын, естелік белгілер салынғанын атап өтті. Тоталитаризм құрбандары жерленген жерлерде сталиндік қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз қаза тапқан адамдардың жаңа есімдері берілгені туралы да айтып кетті.
Дөңгелек үстел отырысын А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің магистранты Кенжебек Дінмұхаммед жалғастырды. Сонымен қатар Ақмола облыстық шешен-ингуш “Вайнах” қауымы қоғамдық бірлестінінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Герихан Точиев, Ақмола облысы поляктар бірлестігінің мүшесі Павел Трищ вайнахтар мен поляктардың Қазақстанға жер аударылуын еске ала отырып, сталиндік қуғын-сүргіннен аман қалған халықтардың өміріндегі мұндай қайғылы оқиғалар адамзат тарихында қайталанбауы тиіс екенін атап өтті. Депортация жылдарында көмек көрсеткен қазақ халқының қайырымдылығы үшін алғыстарын білдірді.
Барлық қатысушылардың сөздерінде өткен шақ туралы естелік пен Қазақстан халқының басынан кешкен қасіреттің бастаулары мен себептерін түсіндіру міндеті екендігі туралы айтылды.