Славян жазуы мен мәдениеті күні

   А.ж. 21 мамыр күні Ақмола облыстық орыс драма театрында Славян жазуы мен мәдениеті күніне арналған «Русское слово: истоки, традиции, современность» атты мерекелік іс-шара өтті.

  Іс-шараны «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» ҚБ, «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ облыстық филиалы, «Рідний кут» украин этномәдени орталығы, чуваш этномәдени орталығы және облыстық орыс драма театры ұйымдастырды.

               

  Мерекені театр әртістері славян жазуының тарихына арналған қойылыммен ашты. Шарада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дементьева Н.Г., Қазақстандағы Ресей ынтымақтастығы Өкілдігінің басшысы Коропченко А.А., Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Абдрахманов Н.Т., Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Сабитова А.Б. құттықтау сөз сөйледі.

                           

  Славян жазуы мен мәдениеті күні – рухани және адамгершілік құндылықтардың қазіргі адам өміріндегі маңыздылығын еске түсіру мүмкіндігі екенін атап өтті. Кирилл мен Мефодий негізін қалаған славян алфавиті баға жетпес рухани байлыққа айналды және бүгінде әлемнің көптеген халықтарына, соның ішінде қазақ жазуына қызмет етеді. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі бола отырып, Қазақстан этностарының бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді, ұлттық мәдениеттерді өзара байытуға қызмет етеді.

                                                       

  Мерекелік бағдарлама одан әрі дөңгелек үстел форматында жалғасты. Облыстық этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері Славян жазуы мен мәдениеті күні тек славяндар мен славян жазуының ғана емес, сонымен қатар, ана тілінің де, орыс тілінің де, жалпы тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір адамның мерекесі екенін атап өтті.

                               

   Концерттік бағдарламаға «Русская песня» халықтық ансамблі, «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ вокалдық студиясы, «Көкшетау» және «Достар» МҮ шығармашылық ұжымдары, театр әртістері қатысты, олардың орындауында орыс, украин, қазақ әндері шырқалды.

  Осы мерекеге  қатысушылардың әрқайсысы өздерін Қазақстанның біртұтас тату отбасының бөлшегі ретінде сезінді. Мерекенің соңында театр аумағындағы аллеяға ағаштар отырғызылды.