Жаңа оқу жылымен!
А.ж. 15 қыркүйегі күні «Шаңырақ» тілдерді оқыту клубында жаңа оқу жылы басталды.
Достық үйінде таңертеңнен бері шулаған балалар дауысы естіліп, көңілді болды. Бүкіл жаз бойы көріспеген олар өз достарымен алған әсерімен бөлісіп, әңгімеге кірісіп кеткен.
Линейкаға оқушылар, ұстаздар, ата-ана – бәрі жиналған. Сәлемдесу әр түрлі тілде басталды. «Сәлеметсіздер ме!», «Добрый день!», «Ди дика х1алд!», «Джень добры!», «Исәнмесез!». Содан кейін оқу жылының басталуымен құттықтаулар айтылып, бәрі осы оқу жылындағы Қазақстан халқы тілдерінің онкүндігіне арналған алғашқы сабаққа барды.
Қазақ тілін оқыту тобында сабақ «Мемлекеттік тіл – менің тілім» тақырыбында өтті. М.Р. Бекетаеваның жетекшілігімен балалар өлең оқып, мемлекеттік тілдің рөлі мен маңызы туралы ой бөлісті.
Орыс тілінің мұғалімі Ж.И. Абылхаева сабақты «Халықтарды біріктірген ел» деген тақырыпқа арнап, Қазақстан көп ұлтты мемлекет және мұнда барлық этнос бейбітшілік пен келісімде өмір сүретініне басымдық жасады.
Чуваш тілінің мұғалімі Е.М. Тарасова чуваш жазушылары мен ағартушылары туралы айтып берді.
Ингуш және армян тілінің сабағында оқытушылар Т.С. Дударкиева мен Р.В. Дегоян әр адам үшін өз халқының тілінен бөлек, мемлекеттік тілді де білу маңызды екенін айтты.
«Шаңырақ» клубының балалары өзара достасып үлгерген. Әр жексенбі сайын Достық үйіне жаңа нәрсені үйрену мен бір-бірімен тілдесу үшін келуге асығады. Бұл жерде олар өзін бір тату отбасындай сезінеді.
Жаңа оқу жылы құтты болсын, балалар! Бұл жыл жаңа білім мен жаңалықтарға толы болсын!