Ақмола Ассамблеясынан гуманитарлық көмек

Ақмола облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы өрт жағдайына байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының өрттен зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек көрсету туралы үндеуіне үн қосты.

Бір күнде екі миллион теңгеден астам сомаға азық – түлік, киім, төсек-орын, мектеп керек-жарақтары, ересектер мен балаларға арналған аяқ киім, дәрі-дәрмектер және т.б. екі тоннаға жуық жүк жиналды. Көмекке «Санги-Кабуд» тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы У.Ф. Шоназаров, З. О. Жоробеков бастаған «Манас» қырғыз орталығының өкілдері белсенді қатысты.

4 қыркүйекте «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары А.М. Раисов бастаған бірінші қажеттілік заттарымен тиелген «Газель» автомашинасы Қостанай облысына аттанды.

Қазіргі уақытта облыстық Достық үйі зардап шеккендерге көмек ретінде ақшалай қаражат жинауды ұйымдастырды. Гуманитарлық акцияға облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктері, қоғамдық құрылымдары, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысады.

Жиналған қаражат жақын арада зардап шеккендердің арнайы шотына аударылады.