Елшімен кездесу
А.ж. 13 қараша күні Ақмола облысына Қазақстан Республикасындағы Оңтүстік Корея мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэсик келді. Іс-сапар барысында Елші мен Ақмола облысының әкімі Е. Б. Маржықпаев кездесу өткізіп, аргарлық сектор және денсаулық сақтау салаларын дамыту сұрақтарын талқылады. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Елші ректор және студенттермен кездесу өткізіп, өз елі туралы баяндама оқыды. Күннің екінші бөлігінде ол «Қоғамдық келісім» КММ болып, қоғамдық келісімді нығайту, түрлі этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамыту бағытын ұстанған этномәдени бірлестіктердің, облыстық ассамблеяның қызметімен танысты.
Кешке таман «Достар» мәдениет сарайында Елшінің қатысуымен кәріс мәдениетінің фестивалі өткізілді.
Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі, М. Ю. Тохаева Елші мырзаға Оңтүстік Кореяның мәдениетімен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, аталмыш фестиваль Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы достықты, ынтымақтастықты және мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтіп, фестиваль қатысушыларына шабыт пен шығармашылық табыс, ал көрермендерге – жарқын әсер мен жақсы көңіл-күй тіледі.
Өз кезегінде Ким Дэсик облыс әкіміне, облыстық Ассамблеяға, өңірдегі кәріс қоғамдық бірлестігіне Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен мәдени байланыстарды нығайту бойынша атқарып жатқан жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Содан кейін Оңтүстік Кореяның Сеул қаласының шығармашылық ұжымдары және «Чинсон» кәріс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысқан концерт өтті. Залдағы көрермендер Оңтүстік Кореяның заманауи мәдениетімен таныстырған әртістердің өнерін жылы қарсы алды.
Іс-шара соңында облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасының атынан Сеул қ. келген шығармашылық ұжымға гүл себеті сыйға тартылды.