«Ел бірлігі: Тik-Tok house» жобасы бастау алды
2022 жылы 21 қараша күні Астана қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен «Ел бірлігі: Тik-Tok house» жобасы бастау алды. «Қоғамдық келісім» РММ бастамасымен қолға алынған аталған жоба ағымдағы жылдың 18 желтоқсанына дейін жалғасады.
«TikTok house» жобасының мақсаты – жалпымәдени және жалпытарихи құндылықтарды, мәдениетаралық диалогты дамытуға, қазақстандық этностарды «бірлігіміз әралуандықта» қағидаты бойынша біртұтас ұлтқа интеграциялауға, оның ішінде қазақ тілін үйрену және елдің қоғамдық дамуының 100 өзекті тақырыбы бойынша бейнеконтент жасауға бағытталған бірегей алаң құру.
Жоба барысында инновациялық технологиялар мен оқытудың жаңа форматтарын пайдалана отырып, арнайы оқыту әдістемесін қолдану арқылы қатысушылардың қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру көзделген. Бұл мақсатта, яғни, қазақ тілін оқыту үшін кәсіби спикерлер шақырылып, олар өз кейстерімен және тәжірибелерімен бөлісуде. Сонымен бірге, қатысушылар заманауи видео мен фото түсіру саласын жетік меңгеруі үшін шеберлік сабағын өткізетін SMM мамандар, фотографтар мен мобилографтар шақырылған.
Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 200 жас, оның ішінде Ақмола облысының «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысуда. Бір-бірімен бәсекелесетін қатысушы- блогерлер3 үйде орналастырылған. Олар ортақ мазмұнды қысқа бейнероликтер түсіреді және оларды #qogam_life ортақ хэштегі бойынша tiktok беттеріне орналастырады.
Аптаның соңында бейнероликтері ең көп қаралған 4 қатысушы марапатталады.