Біз – бірлігі жарасқан елміз
11 қарашада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінде тіл мәселесі көтерілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жолдауында да қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту турасына ерекше тоқталған болатын.Тәуелсіздік алғалы бері қоғамдық қызу талқылаудың тақырыбына арналған басты мәселенің бірі — тіл мәртебесі. Тілі мен ділін ұмытқан ұлттың да болашағы бұлыңғыр екені айдан анық.
Менің нәсілім өзбек. Туған елімнің тілін, мәдениетін қалай құрметтесем, мемлекеттік тіл қазақ тілін де ана тіліндей құрмет тұтамын. Себебі бар саналы ғұмырым қазақ елінде, кең байтақ өлкемізде өтуде. Қазақ тілінде еркін сөйлей аламын. Мемлекеттік тілімізді бізді өткен тарихпен ғана емес, болашақпен де байланыстыратын құнды құралымыз деп бағалаймын.
Өзім Өзбек ұлттық этномәдени бірлестігінің төрайымымын. Біз, Көкше өңірін мекен еткен өзбек ұлтының өкіліміз. Облыстағы Ассамблея бірлестіктерінің түрлі ұлт өкілдері, біртұтас тату халық болып, өңіріміздің дамуына зор үлес қосып келеді! Ұлтқа бөлінбей, ортақ жерімізде татулық пен бірлікте ұйымшылдықпен еңбек етуде.
Бүгінде біз шат-шадыман елміз. Бұл, әрине Елбасымыздың салиқалы саясаты мен барша халықтың істеп жатқан еңбегінің арқасы деп білеміз. Егемен еліміздің 30 жылдық мерейтойында тойлауға да әзірміз. Еліміздің жарқын болашағына сенімдіміз. Немереміз тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесін қоса білетін азаматы болып өссе екен деп бата тілеп отырамыз. Әлем мың құбылып тұрғанда біздің тыныштығымыз, әр азаматтық денсаулығы, тіліміздің мәртебесі біз үшін қымбат. Еліміз мына індеттен аман болсын. Біз әрдайым бірге болсақ, әлі талай асуларды бағындырамыз!
Өзбек ұлттық этномәдени бірлестігінің
төрайымы Медетова Тажбуви