Достық үйінде қазақ мәдениетінің фестивалі өтті
2019 жылғы 2 маусым күні Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы «Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ-мен бірге Достық үйінің алаңында «Ғасырлар мұрасын сақтап, көбейтеміз» атты Қазақ мәдениетінің фестивалі мерекелік іс-шарасын өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді және қазақ халқының мәдениетін насихаттау мен көпшілікке танымал ету.
Фестиваль алғаш рет өткенін атап өткен жөн. Және де өзге мәдениет фестивальдерін өткізуге мұрындық болды. Ыстық бауырсақтың иісі, жүргіншілер жолы бойындағы қолданба өнерінің көрмесі, ұлттық әбзелдермен көмкерілген киіз үй, ұлттық мәнердегі ауа толтырылған қуыршақтар, көзге түсетін бүркіт бірден қала тұрғындарының назарын өзіне аударды. Бұдан бөлек әркім тоғызқұмалақ пен асық ату ойындарында бақ сынауға мүмкіндік алды.
Достық үйінің кіреберіс баспалдағында қонақтарды «Көкшетау», «Он алтықыз»халықтық би ансамблдері, сондай-ақ ақын Мұхаммед Қоңқаев қарсы алды. Әрбір мейманды төрт этноауыл қабылдап, онда қазақ ұлттық жөн-жоралғысы, әндер, сәндік қолданба өнері шеберлерінің көрмесі мен шеберлік сыныптары ұсынылды. Ал фольклор, домбыра, халықтық аспаптар ансамблдері орындауындағы әуезді ән қазақ ұлттық музыка әлеміне терең үңілуге, жан дүниемен сезінуге көмектесті.
Фестивальдің бас сахнасында облыс орталығының және аудандық мәдениет бөлімдерінің өнер ұжымдары дайындаған мерекелік концерттік бағдарлама көрсетілді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова Халықаралық байқаулардың лауреаты атанған Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның «Айнакөл» фольклор ансамблінің сүйемелдеуімен «Көкшетау Кестелері» әнін орындады.
Фестиваль Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы, облыс әкімінің атынан хатшылықтың меңгерушісі М. Тохаеваның қорытынды сөзімен аяқталды. «Осы мерекенің бірегейлігі оның рухани байлығында, қазақ халқының салттарына, бастауына жүгінуінде. Фестиваль өңірлердегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға жағдай жасап, қазақ халқының бай мәдениетімен тағы да танысып білуге тамаша мүмкіндік береді», – деп атап өтті Марзият Юсуповна. Облыстық фестивальде сонымен бірге Көкшетау қаласының әкімі А. Смайылов және «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М. Қиықовтар құттықтау сөз айтты.