Кирилл және Мефодий жолымен
Жыл сайын 24 мамыр күні Славян жазуы мен мәдениеті күні атап өтіледі. Бұл мейрамның бастауы славян әліпбиін құрастырушылар Кирилл және Мефодийді ұлықтаумен байланысты.
Ағымдағы жылдың 18 мамырында Достық үйінде Славян жазбасы мен мәдениеті күніне арналған іс-шара өтті. Оны Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолдауымен «Ақмола облысының орыс қауымы», «Чуваш этномәдени орталығы», «Рiдный кут» украин этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестіктері, «Орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ-нің Ақмола филиалы ұйымдастырды.
Достық үйінің күту залында сәндік қолданба өнерінің бұйымдары ұсынылған көрме жайғасты. Оған ҚХАА жанындағы Шеберлер одағының ісмерлерінен бөлек Біржан сал ауданынан келген қонақтар да қатысты.
Іс-шара Көкшетау қ. Михаил Архистратиг шіркеуінің басшысы аға иерей Константиннің құттықтау сөзімен басталды. Ол барша отырғандарды мерекемен құттықтап, бүкіл славян халқы үшін осы күннің аса маңызды екенін атап өтті. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының атынан ҚХАА төрағасының орынбасары Г. Яндиев сөз сөйледі.
Ақмола Ассамблеясының алғыс хаттарымен Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамын өткізуге атсалысқан мекеме-ұйым өкілдері марапатталды. Сондай-ақ көп жылғы ынтымақтастық үшін «Русская песня» ансамблінің жетекшісі З. Авилова мен «Акмолинская правда» газетінің журналисі А. Мякотаға алғыс хаттар мен естелік сый-сыяпат тарту етілді.
Мерекелік концертке ағаштан қасық оюшылар (ложкарь) ансамблі, «Көкшетау» МС «Услада», «Хип-хоп», «Гүлдер», Біржан сал ауданының «Миллениум» би топтары, Көкшетау қ. оқу орындары мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің фольклор топтары, би және вокал ұжымдары қатысты.