Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы Кеңес Одағы Батырының жұбайын «сарқытпен» сыйлап қана қоймай, оған «қамқоршылық» етуге шешім қабылдады!
Жалпыұлттық «Қайырымдылық керуені» шарасының «Сарқыт» акциясын іске асыруға ақмола өңірінің барлық этномәдени бірлестіктері белсенді атсалысуда.
Науқас балалар мен ересектердің, аз қамтылған отбасынан шыққан жас жерлестердің, көпбалалы отбасы мүшелерінің көздеріндегі қуаныш ұшқыны, «тәтті» сыйлықтар, ойыншықтар мен киімдер, ал ең бастысы ыстық ықылас пен ерекше назар үшін айтқан алғыстары – бұл акция белсенділерінің әрбірі үшін ең үлкен марапат!
«Қайырымдылық керуені» шарасының қатысушылары бұл жолы – Кеңес Одағының Батыры Андрей Николаевич Остапенконың жесір әйелі Мария Остапенкоға барды.
Атқыштар дивизиясының автоматшысы Остапенко Андрейге Батыр атағы Ұлы Отан соғысы жылдары Украин фронтында Оңтүстік Буг өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы мен тапқырлығы үшін берілді.
Мария Остапенкоға арналған, ішінде тауық еті, фарш, шұжық, сүт, қаймақ, көкөністер мен жемістер, дәнді дақылдар, нан өнімдері сынды азық-түліктер бар «Сарқытты» Экиджи Фатих бастаған «Қазақ-түрік мәдениеті мен достығын дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері «әзірледі».
Өз кезегінде, «Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ төрағасы Мейрамбек Қиықов жалдамалы пәтерде жалғыз тұратын әйелге қажетті электр шәйнегін сыйға тартты. Ақмола облысы әкімі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Манат Исмағұлов тағдыры тым ауыр болған Мария Александровнаның денсаулық жағдайн сұрап қана қоймай, тыл ардагерінің ас бөлмесіндегі электр сымын жөндеуге жәрдемдесті.
Мария Александровна Ақмола ассамблеясынан келген қонақтарға Андрей Николаевичпен бірге сүрген өмірі, ұлдарының ауыр қазасы және қыздарының рак ауруының салдарынан өмірден өтуі туралы айтып берді.
Жақын адамдарсыз жалғыз қалған, нәзік, бірақ рухы берік әйел, ол кездері кішкентай Машаның картасына ғана қарап отырған отбасын асырау үшін соғыс жылдары Көкшетау механикалық зауытында бұрғылаушы және фрезерші болып жұмыс істегенін еске алды. Күндіз жұмыс – кешке – фронтқа сәлемдеме жіберуге дайындық. «Өзіміз аш жүрсек те, бақшаларымызда өсетін аз ғана жемістерді пешке кептіріп тұрақты түрде соғыстың алдыңғы шебіне жіберетінбіз», – дейді Мария Остапенко.
Егде тартқан әйел ананың үстелінде – қымбатты жан, жұбайы Андрей Николаевич Остапенко және тағдырдың жазуымен дүниеден өткен олардың балаларын еске салатын – ескі хаттар, сарғайған газет парақтары, ақ-қара фотосуреттер тұр. Мария Александровнаның айтуынша, оның жұбайы Андрей Николаевич өте қарапайым, өзіне ерекше назар аударуды талап етпейтін адам болған. Ол соғыс туралы айтқанды ұнатпайтын, есесіне өмірінде орын алған қызықты оқиғаларды қуана еске алатын. Сондай оқиғалардың бірін ол әңгімелеп берді. Андрей Николаевич автобазада жүргізушісі болып қызмет етіп жүрген сонау 1960 жылдары, бір іссапар барысында оның көлігі алыс аудандардың бірінде батып қалып, Андрей Николаевичке жақын тұрған елді-мекенге жаяу барып көмек сұрауға тура келеді. Жеткен соң савхоз төрағасынан «Батып қалған көлігімді шығарып алуға трактор беруіңізді өтінемін», – дейді. Ал оған ауыл бастығы «Оның не! Менде егіс жұмыстары жүріп жатыр, бос тұрған техникам жоқ. Еш бара алмаймын! Егер сен Кеңес Одағының Батыры болсаң, онда басқа әңгіме болар еді», – деген жауап қайтарады. Көп сөзді ұнатпайтын Андрей Николаевич үнсіз қалтасына қол салып, үнемі өзімен бірге алып жүретін Батыр Жұлдызын портмонеден алып төрағаға ұсынады. Аң-таң болып қалған төраға ұялғаннан не істерін білмей, біраз әбігерге түскен соң өзі көлік батқан жерге трактор жеткізіп берген екен.
«Ол 1979 жылы көлік апатынан қаза тапты. Оны ақтық сапарға күллі Көкшетау болып шығарып салдық. Қала көшелерінің біріне оның есімі берілген. Одан бөлек Андрей Николаевич В. Агатованың сөзіне жазылған, сазгер Н.Богословскийдің «Темная ночь» әнін қатты жақсы көретін. Соғыстағы шайқастар арасындағы үзілістерде окопта отырып өзінің қазақ әскери досымен дәл осы әнді орындаған», – деп ассамблеялықтарға баяндап берді Мария Александровна.
«Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ төрағасы Мейрамбек Қиықов, Кеңес Одағы Батырының жесір әйеліне «қамқорлық» танытуға шешім қабылдап, осы ретте «Қайырымдылық керуені» аясында іс-шаралар жоспарын құрып та үлгерді. А.ж. ақпан айында өтетін «Сыбаға», наурызда орын алатын «Шашу» айлықтарында Мария Александровнаның үйіне өз сыйлықтарымен қоғамдық бірлестік, ЭМБ, «Қоғамдық келісім» КММ-нің өкілдері келетін болады. Сәуір айында жүргізілетін «Асар» барысында – жылу беру және су құбырларының жөндеуін, ескірген жиһаздарды жаңартуды талап ететін зейнеткердің пәтерін жаңарту жұмыстарын өткізу жоспарланған. Мамыр айындағы «Қамқор» айлығында шараға бірлестіктің жастар қанатының өкілдері қосылып, қазақстандық батыр Андрей Остапенконың соғыста көрсеткен ерліктері мен соғыстан кейінгі жылдардағы қызмет жолын Көкшетау қаласының білім беру орындарында кеңінен насихаттау, қалалық зираттағы марқұмның бейітіне күтім жасау және А. Остапенко атындағы көшеде ескерткіш тақта орнату жұмыстары жасалатын болады.
Сонымен қатар Мария Александровнамен көзбе-көз әңгімеселу барысында, көп жылдар бойы ұқыпты сақталып келе жатқан, оның даңқты жұбайы туралы құнды құжаттардың көшірмелерін облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ақмола мемлекеттік мұрағатына тапсыру мәселесі де шешілді. «Ол туралы естеліктер тірі болса, адамның өзі де тірі саналады», -деген сөз бекер айтылмаса керек.