Тіл мектебінің лагері ашылды
А.ж. 12 қыркүйекте Ақмола облысының Ақкөл ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастырған Тіл мектебінің лагерінің ашылу рісімі өтті. Мұнда еліміздің әр облыстарынан Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар бірлестіктерінің өкілдері жиналды. Барлығы 68 адам-оқушы, студент жастар.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігің Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Динара Жұманованың айтуынша, «ҚХА-ның жаңа жобасы түрлі этностардың жастарын мемлекеттік тілді үйренуге, оның қыр-сырын білуге жұмылдыруға бағытталған…».
Бес күн бойы балалар әдіскерлермен, филологтармен бірге мемлекеттік тілді меңгеру дағдыларын жетілдіреді, қазақ халқының дәстүрлері мен мәдениетін зерттейді, Ақкөл ауданының табиғи және мәдени объектілеріне экскурсия жасайды. Сонымен қатар, олар түрлі этностардың мәдениеті мен өнерінің ерекшеліктерімен танысады, түрлі конкурстарға, викториналарға, командалық ойындарға қатысады.
Ұйымдастырушылар Ақкөл ауданы әкімдігінің қолдауымен балаларға мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу үшін барлық жағдайлар жасалғаны туралы айтты.
– Тіл мектебі жастардың мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын арттырады. Жазғы лагерьде алған білім балаларға өмір жолында көмектеседі деп сенемін, – деп атап өтті «Қоғамдық келісім» РММ басшысының орынбасары Аппаз Кемелев.
Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Алин, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ермек Нұғманов балаларға өз тілектерін білдірді.