Мемлекеттік тілді білуге арналған байқау

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді білуге арналған қашақтықтан өткізілген «Қазақшаныз қалай?» облыстық байқауының қорытындылары жасалды.

Байқау облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі және «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» Ақмола облыстық филиалы қоғамдық ұйымдарының бастамасымен ұйымдастырылды.

Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оны этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайту, мемлекеттік тілді  меңгерген орыс және славян этностарының өкілдерін қолдау және ынталандыру.

Байқау шарты бойынша қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттайтын мемлекеттік тілдегі бейнематериал ұсынулары қажет болды. Байқауға 22 бейнематериал келіп түсті. Қазылар алқасы бейнежазбаларды бағалау кезінде – мемлекеттік тілді меңгеру, ұлттық атрибутиканы көрсету, актерлік шеберлік сынды критерийлерді басшылыққа алды.

Бірінші, екінші орындарды сәйкесінше Разумова Кира (Ерейментау ауданы) және Денежко Юлия (Целиноград ауданы) алды.

Үшінші орынды Шағалалы  ауылының Жоғары агротехникалық колледжінің бір топ студенттері мен Атбасар қаласының №1 мектебінің 4 сынып оқушылары бөлісті.

Байқаудың Бас жүлдесіне Бурабай ауданының «Ақбота» балабақшасының тәрбиешілер тобы ие болды. Қазылар алқасы қатысушылардың жоғары белсенділігін, олардың мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп, қазақ халқының әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін білетіндігін ерекше атап өтті.