Поэзия байқауы
6 қараша күні «Қоғамдык келісім» мекемесінде өзге ұлт өкілдері арасында «Туған жерім – Қазақстаным» атты поэзия байқауы өтті. Ұйымдастырушылар – «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры және Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы.
Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тіл мен қазақ халқының мәдениетін насихаттау.
Байқауға Ақмола облысының мектеп және колледждер тәрбиеленушілері қатарынан – 21 адам өтінім берді.
Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі М. Ю. Тохаева мемлекеттік тілді үйрену – бұл қажеттілік, уақыт талабы, сондықтан поэзия байқауын өзге ұлт жастарын қазақ тілін үйренуге тарту формаларының бірі ретінде қарастыруға болады, өйткені мемлекеттік тіл қазақстандық қоғамды біріктірудегі маңызды фактор болып табылады деген ойын білдірді.
Байқауға қатысушыларды «Адырна» ҚҚ президенті Әубәкір Арман құттықтап, мемлекеттік тілді үйрену арқылы өзге де этностар қазақ халқының мәдениетін, дәстүрлерін, әдет-ғұрпын тереңірек танитынын атап өтті.
Байқау көрермендердің қызығушылығын тудырды, себебі қатысушылар өлең оқып қана қоймай, қазақтың ұлттық киімдерін киіп, залға өз қойылымдарының мазмұнын әртістікпен жеткізуге тырысты.
Қатысушылар ортасынан оқ бойы оза шапқан Соколова Анжелика, Бабенко Анастасия және Смирнова Татьяна болды, олар бірінші, екінші және үшінші орындарға ие болып, ақшалай сертификаттармен марапатталды.