Форумның жоғарғы марапаты

А.ж. 12 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қ. Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, онда қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған республикалық ғылыми жобалар байқауының қорытындысы шығарылды.

Бас Гран-при жүлдесін А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі Кукубаева Асия Хайрушевна жеңіп алды. Оның «Қазақстан жастарының сана-сезімін қалыптастыру ерекшеліктері» ғылыми жобасы ең үздік деп танылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатына тағы бір ақмолалық, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Төлғұл Ғосман Төлеғұлұлы ие болды.

Отырыс барысында сондай-ақ ҚХА қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу жөніндегі міндеттер қаралды, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу жөніндегі ғылыми-сараптамалық кеңес пен орталық жұмысының қорытындылары, зерттеу жұмыстарының жиынтық жоспарын орындаудың және «Қазақстан этностары: елдің дамуына қосқан үлесі» жобасын іске асырудың аралық қорытындылары шығарылды.