2026 жылғы 26 мамырда Көкшетау қаласындағы №21 орта мектепте оқушы жастарға арналған «Салауатты өмір салты – біздің таңдауымыз» атты диалог алаңы ұйымдастырылды. Маңызды басқосу жас ұрпақтың болашағына бейжай қарамайтын қоғам өкілдерінің ортақ алаңына айналды.
«Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Гүлнар Оразбаеваның ұйымдастыруымен өткен іс-шарада жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, психобелсенді заттардың зиянының алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесуге тәжірибелі мамандар қатысып, оқушылармен ашық форматта пікір алмасты. Бағдарлама аясында «Жастар және есірткі» тақырыбында театрландырылған қойылым көрсетілді және алдын алу бағытындағы бейнероликтер ұсынылды, психобелсенді заттардың жасөспірім миына әсері туралы ақпарат берілді және есірткі қылмыстары үшін заң алдындағы жауапкершілік түсіндірілді. Сондай-ақ, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Осындай маңызды кездесулер жастардың дұрыс таңдау жасап, денсаулық пен қауіпсіздікті өмірлік құндылық ретінде қалыптастыруына ықпал етеді.


