Ақмола облысында «Рiдний кут» украин этномәдени орталығы этносаралық келісімді нығайту, украин халқының тілі, мәдениеті мен дәстүрін сақтау және дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бірлестік облыстық мәртебеге ие және Көкшетау қаласында орналасқан.
Бірлестік 2019 жылғы 21 ақпанда мемлекеттік тіркеуден өткен. Ұйым өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына және жарғысына сәйкес жүзеге асырады.
Бірлестік төрайымы – Худякова Светлана Анатольевна. Ол 2020 жылғы 25 ақпанда өткен жалпы жиналыстың шешімімен орталықтың төрағасы болып сайланған. Жоғары білімді, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын жетекші ретінде ұйым қызметін тиімді ұйымдастырып келеді.
Бірлестік құрамында 45 мүше бар, оның ішінде белсенді азаматтар этномәдени іс-шараларды ұйымдастыруға қатысады. Ұйымда 1 штаттық қызметкер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бірлестіктің жеке немесе жалға алынған ғимараты жоқ, алайда қажетті оргтехникамен (компьютер, принтер, көшіру құрылғысы, теледидар) қамтамасыз етілген.
Бірлестіктің негізгі мақсаты – Қазақстандағы түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты, өзара түсіністік пен құрметті нығайту, украин халқының мәдени мұрасын сақтау және дамыту. Ұйым мүшелері арасында тек украин ұлтының өкілдері ғана емес, сондай-ақ украин мәдениетіне қызығушылық танытатын өзге этнос өкілдері де бар.
Негізгі қызмет бағыттарына украин тілін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау және насихаттау, украин халқының тарихын зерделеу, мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастыру жатады. Бірлестік түрлі концерттер, фестивальдер, көрмелер мен әдеби кештер өткізіп, өңірдің мәдени өміріне белсенді қатысады.
Ұйым облыс көлемінде өткізілетін мемлекеттік және қоғамдық іс-шараларға тұрақты түрде қатысады. Атап айтқанда, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Жеңіс күні, Конституция күні, Тәуелсіздік күні, Тілдер күні және басқа да атаулы күндерге арналған іс-шараларда белсенділік танытады. Сонымен қатар украин халқының ұлттық мерекелері – Рождество, Пасха, Аналар күні және басқа да мәдени шаралар ұйымдастырылады.
Бірлестік «Қоғамдық келісім» КММ, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар және өзге этномәдени бірлестіктермен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Осы өзара іс-қимыл аясында түрлі мәдени, ағартушылық және қоғамдық жобалар жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, ұйым халықаралық деңгейде әріптестік байланыстарды дамытуға ұмтылады. Гранттық жобалар мен қайырымдылық қолдау арқылы бірқатар мәдени және әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылуда.
Жалпы, «Рiдний кут» украин этномәдени орталығы Ақмола облысында қоғамдық келісімді нығайтуға, этномәдени әртүрлілікті сақтауға және мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталған белсенді қоғамдық ұйымдардың бірі болып табылады.
