Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» КММ көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Олжас Сүлейменов – сөз бен сана биігі» атты әдеби-танымдық кездесу өтті. Тағылымды жиынға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, оқытушылар мен жастар қатысты.
Іс-шараны Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов жүргізіп, ақын мұрасының ұлт руханиятындағы орнына тоқталды.
Кездесу барысында филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Жәмбек «Тарих пен тіл тағдырын жырлаған тұлға» тақырыбында баяндама жасап, Олжас Сүлейменов шығармашылығының тарихи сананы жаңғыртудағы рөліне кеңінен тоқталды.
«Олжас Сүлейменов – ұлттың рухани биігін айқындаған, тіл мен тарихтың тағдырын терең толғаған бірегей тұлға. Оның шығармаларында тек поэзия ғана емес, тұтас халықтың санасы, болмысы, өркениеттік бағдарлары көрініс табады. Сондықтан ақын мұрасын тану – ұлттық сананы танумен тең», – деді ғалым.
Қоғам қайраткері, ақын-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі» КММ басшысы Серік Жетпісқалиев «Олжас Сүлейменов поэзиясындағы ұлттық рух пен азаматтық үн» тақырыбында сөз сөйлеп, ақынның азаматтық позициясы мен қоғамдық ойға ықпалына назар аударды. Олжас Сүлейменовтің шығармалары ұлттың рухын көтеріп, тәуелсіз ой қалыптастыруда маңызды орын алатыны айтылды.
Ал, әдебиеттанушы, халықаралық журналист, Шоқан Уәлиханов университетінің оқытушысы Аян Қажыбай «Олжас Сүлейменов поэтикасы және ғылыми-зерттеу мұрасы» тақырыбында баяндама жасап, қаламгердің ғылыми еңбектері мен поэтикалық ізденістеріне талдау жүргізді.
Шара барысында қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, ақын шығармашылығы жайлы ой-толғамдарымен бөлісті. Әсіресе жастар тарапынан қойылған сұрақтар мен пікірлер кездесудің мазмұнын байыта түсті.
Тағылымды кездесу қорытындысында қатысушылар Олжас Сүлейменов мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, ақын еңбектерін насихаттау ісін жалғастыру қажеттігін жеткізді.



