2026 жылдың 28 сәуірінде «Қоғамдық келісім» КММ конференц залында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Бейбітшілік – басты құндылық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту, құқықтық мәдениетті арттыру және дауларды өркениетті жолмен шешудің тиімді тетіктерін кеңінен насихаттау болды.
Жиынға Медиация кеңесі мен медиация орталығының өкілдері, қоғамдық құрылымдар мүшелері, этномәдени бірлестіктер, прокуратура, полиция өкілдері және жастар қатысты. Қатысушылар бейбітшілік пен өзара құрметке негізделген қоғам қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында медиация институтының бүгінгі қоғамдағы рөлі жан-жақты талқыланды. Бұл ретте медиация тек дау-жанжалдарды шешудің құралы ғана емес, сонымен қатар азаматтар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтудың тиімді тетігі екені атап өтілді.
Медиация кеңесінің төрағасы Гүлнар Мәдиева өз сөзінде қоғамдық келісімді сақтауда кәсіби медиаторлардың еңбегіне тоқталды. Ал кеңес өкілі Айман Мусина медиацияны кеңінен насихаттау, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Көкшетау қаласы прокуратурасының бөлім бастығы, 1-сыныпты заңгер А. Шарипов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес ұлттық және әлеуметтік алауыздықты қоздыру әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетінін атап өтті. Аталған құқық бұзушылық үшін кінәлі тұлғаларға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Осыған байланысты, ол жастарды заң талаптарын қатаң сақтауға, қоғамдық тәртіпті бұзбауға және елдегі тұрақтылық пен келісімді нығайтуға үлес қосуға шақырды.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар бейбітшілік пен келісім – қоғам дамуының негізгі тірегі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.


