Ақмола облысында қоғамдық келісім мен отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар өз жалғасын табуда. Соның айқын дәлелі – бүгін өткен облыстық Аналар кеңесінің кезекті отырысы. Жиын Ақмола Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Айнұр Жахинаның жетекшілігімен ұйымдастырылып, онда қоғам үшін маңызды бірқатар мәселелер жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі – алдағы мерекелік күндер аясында атқарылатын жұмыстар. Атап айтқанда, 10 мамыр – Аналар күні мен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай 10–15 мамыр аралығында өтетін іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл шаралар тек мерекелік сипатпен шектелмей, аналардың қоғамдағы рөлін арттыруға, отбасы институтын нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталатыны атап өтілді.
Сонымен қатар, облыстық Аналар кеңесінің алдағы форумын өткізу мәселесі кеңінен қарастырылды. Форум аясында тәжірибе алмасу, өзекті әлеуметтік мәселелерді ортаға салу және тиімді шешу жолдарын іздестіру көзделіп отыр. Бұл бастама аналар қауымының белсенділігін арттырып, олардың қоғамдық өмірге қатысуын жаңа деңгейге көтермек.
Жиын барысында қатысушылар отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелеріне ерекше тоқталды. Бүгінгі қоғамдағы рухани құндылықтардың маңызы, ұрпақ тәрбиесіндегі ананың орны, отбасыдағы сыйластық пен жауапкершілік мәселелері кеңінен қозғалды. Осы бағытта нақты ұсыныстар айтылып, оларды іске асыру жолдары белгіленді.
Айта кетерлігі, отырысқа Ақмола облысының аудандарындағы Аналар кеңесінің төрағалары ЗУМ платформасы арқылы қатысып, өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Бұл өңіраралық байланыс пен тәжірибе алмасудың тиімділігін арттыра түсті.
Жалпы, Аналар кеңесінің қызметі – қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің, ұрпақ тәрбиесінің берік негізі. «Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген халық даналығы бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан аналардың бастамаларын қолдау, олардың қоғамдық рөлін арттыру – баршаға ортақ міндет.
Осындай игі істер ұлттың рухани тұтастығын сақтап, болашақ ұрпақтың тәрбиелі, саналы болып қалыптасуына қызмет ете беретіні сөзсіз.

