«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі

Ақмола облысында «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау және шешен мен ингуш халықтарының тілі, мәдениеті мен дәстүрін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бірлестік облыстық мәртебеге ие және өз қызметін Ақмола облысы, Көкшетау қаласында жүзеге асырады.

Бірлестік 2019 жылғы 6 наурызда мемлекеттік тіркеуден өткен. Ұйым қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына және өз жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

Бірлестік төрағасы – Яндиев Герихан Ибрагимович, тәжірибелі қоғам қайраткері, кәсіби маман және өңірдегі қоғамдық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан тұлға. Ол ұзақ жылдар бойы өндіріс саласында басшылық қызметтер атқарған. 1990 жылдан бастап «Вайнах» қоғамының жұмысына белсенді қатысып, 2002 жылдан бері бірлестікті басқарып келеді.

Герихан Ибрагимович өңірдегі қоғамдық-саяси іс-шараларға тұрақты қатысады. Оның бастамасымен бірлестіктің жұмысы жанданып, ұлттық мәдениетті сақтау, жастар тәрбиесі және этносаралық келісімді нығайту бағыттары кеңінен дамыды. Ол «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Шапағат» медальдарымен, мерейтойлық медальдармен және алғыс хаттарымен марапатталған.

Қазіргі таңда бірлестік құрамында 2000-ға жуық мүше бар, оның ішінде 50-ге жуық белсенділер ұйым жұмысына тұрақты қатысады. Ұйымда 1 штаттық қызметкер жұмыс істейді. Бірлестік «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында орналасқан кабинетті жалға алып пайдаланады, қажетті оргтехникамен қамтамасыз етілген.

Бірлестік жанынан «Ритмы гор» би ансамблі (үлкен және кіші топтар), жастар қанаты және 9 адамнан тұратын Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Бұл құрылымдар ұлттық мәдениетті сақтау мен ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Бірлестіктің негізгі мақсаты – Қазақстандағы этностар арасындағы достық пен өзара сенімді нығайту, шешен және ингуш халықтарының тілі мен мәдениетін сақтау және дамыту. Осы мақсатта ұйым қайырымдылық қызметті дамытуға, этносаралық келісімді нығайтуға, жастарды патриоттық және рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырады.

Бірлестік облыс көлемінде өтетін барлық маңызды қоғамдық-саяси және мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Атап айтқанда, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Конституция күні, Тәуелсіздік күні және басқа да мерекелік және атаулы күндерге арналған іс-шараларда тұрақты түрде көрініс табады. Сонымен қатар, жастармен кездесулер, диалог алаңдары, концерттік бағдарламалар мен еске алу шаралары ұйымдастырылады.

Ұйым «Қоғамдық келісім» КММ және жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ынтымақтастық аясында түрлі форумдар, дөңгелек үстелдер, мәдени және ғылыми іс-шаралар өткізіліп, өңірдегі қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, бірлестік басқа этномәдени бірлестіктермен – орыс, қазақ, кәріс, армян, өзбек, поляк, татар-башқұрт, тәжік және басқа да этностардың мәдени орталықтарымен тығыз байланыс орнатып, бірлескен іс-шаралар өткізеді. Бұл өз кезегінде өңірдегі этносаралық қатынастарды дамытуға оң ықпал етеді.

Тарихи отан ұйымдарымен де байланыс жолға қойылған. Бірлестік халықаралық деңгейде онлайн конференциялар, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға үлес қосуда.

Жалпы, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі Ақмола облысында қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға, этномәдени әртүрлілікті сақтауға және жастарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды қоғамдық институттардың бірі болып табылады.