Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Сенатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбекті көпшілікке таныстыру рәсімі өтті. Үш томдық жинаққа зобалаң жылдарға қатысты тың деректер мен құжаттар енген. Олардың біразы бұған дейін еш жерде жарияланбаған және Қазақстан ғылымында бұрын-соңды айтылмаған. Ал, кітаптағы кейбір анықтама, бұйрық, қарар сияқты құжаттар көпке дейін аса құпия мәлімет ретінде сақталып келген. Сондықтан ашаршылық жылдарының аса маңызды хронологиясын дайындап шыққан ғалымдар мен тарихшыларымыздың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
Таныстыру рәсіміне осы тақырыпты кеңінен зерттеп жүрген белгілі ғалымдар мен тарихшылар, редакциялық алқаның мүшелері, кітапты құрастырушылар, Парламент депутаттары, саясаттанушылар, өлкетанушылар және жоғары оқу орындарының докторанттары қатысты.
Өз сөзінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында осындай іс-шаралардың маңызы зор екенін айтты.
«Тәуелсіздігімізді ұлықтау сәтінде тойға емес, ойға басымдық беру, өткенімізден өнеге алу – біздер үшін зор міндет. Мемлекет басшысы 30 жылдықты атап өтуге арналған алғашқы отырыста осы мәселеге баса мән берді. Президентіміз айтқандай, егемендіктің бүгінгі белесі елдің жаңа келбеті мен ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға қызмет етуі керек. Бұл ретте, тарихи сананы жаңғыртатын және бостандықтың қадір-қасиетін арттыратын іс-шаралар аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Осы тұрғыдан келгенде, ашаршылық тақырыбын көтерудің терең мәні бар екенін айтқан Сенат Төрағасы тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті.
«Тәуелсіздік алған соң ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен тарихымыздың соқтықпалы, соқпақты жолдарына ерекше көңіл бөлінді. Осы бағыттағы мәселелер мемлекеттік деңгейде көтеріліп, тиісті зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде ашаршылық бір әулеттің немесе ауылдың ғана емес, сол кездегі тұтас халықтың басына түскен үлкен қасірет екені ашық айтылды. Дегенмен, әлі де болса ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар бар», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, Палата Спикері кітапты дайындау барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сенат осы тақырыпқа қатысты тарихи құжаттарды жан-жақты зерттеу және талдау жұмыстарын ұйымдастырғанын атап өтті. Сол кездегі нақты деректер мен архив материалдарын жариялау ақтаңдақ жылдардың себеп-салдарын кеңірек зерттеуге мол мүмкіндік беретіні сөзсіз.