ҚХА-30жылдығын ұйымдастыру және өткізу
Бүгін Астанада Қазахстан Халкы Ассамблеясы 30 жылдығын ұйымдастыру және өткізуіне арналған жиналыс болып өтті.
Алқалы отырысты Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов жүргізіп отырды.
Жиынға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысы Г.Т. Кәрімова, ҚХАА хатшылығының меңгерушісі С.М. Кенжебаев және Ақмола ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдарының басшылары ZOOM платформасы арқылы қатысты.
Жиында Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралып, сондай-ақ 2025 жылы ҚХА-ның 30 жылдығын өткізуге дайындық жұмыстары талқыланды.
ҚХАА жанындағы Аналар кеңесінің отырысы
3 ақпан күні «Қоғамдық келісім » КММ-де ҚХАА жанындағы Аналар кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға онлайн форматта аудандардан Аналар кеңесінің төрағалары қатысты.
Отырыс барысында 2025 жылдық жоспары талқыланып, негізгі бағыттар айқындалды. Аудандық Аналар кеңесінің мүшелері өз ұсыныстарын білдірді.
Шара барысында ҚХАА жанындағы Аналар кеңесі «Ақмола облысының іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ, ҚР Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімі» және «Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімінің жанындағы «Достық» балабақшасы» МКҚК ұйымдарымен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
«Очарование романса» кеші
Ағымдағы жылдың 1 ақпанда «Қоғамдық келісім» КММ-де “Қазақстанның Орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы” Ақмола филиалының ұйымдастыруымен «Очарование романса» кеші өтті.
Романс- қоғамдық бірлестіктегі «Синегорье» вокалды топ мүшелерінің сүйікті музыкалық жанрларының бірі. Шара барысында Наталья Замолоцких романстың пайда болу тарихына шолу жасады. Романстың баллада, элегия, т.б. жанрлық түрлері бар. Романс көбіне лирикалық поэзия мәтініне құрылып, аспаптық музыкада вокалдық негізде жазылады. Романстың әннен айырмашылығы — әуеннің сөзбен тығыз байланыстылығы мен аспаптық сүйемелдеудің маңыздылығында.
Аталған іс-шараға Татьяна Кулыгина, Ольга Юрикова, Олеся Цыганова, Сәбит Шағатов және Венера Хан деген жетекші солистер қатысты. Олардың орындауында кеңес және орыс ақындарының өлеңдеріне жазылған көне және заманауи романстар шырқалды.
Ақмола ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті
Бүгін Ақмола ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің отырысын өтті. Жиынға қалалық кеңес мүшелері дөңгелек үстел форматында қатысып, аудан төрағалары Zoom арқылы қосылды.
Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің тірегі, қоғамның тұрақтылығы мен ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды институт. Бүгінгі отырыста өңірлік мәселелер, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы ақсақалдардың рөлін күшейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Ақсақалдар кеңесінің жұмысы үлгілік жоспарға сәйкес жүргізілетіні атап өтілді.
Кеңес мүшелері қоғамдық келісімді нығайту мен жастарға өнегелі тәрбие беру бағытында өз ойларын ортаға салды. Нақты іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыс жалғасады.
«Ассамблея жастары» РҚБ жастар жобаларын талқылау бойынша кездесу өтті
Бүгін Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы “Жастар-ресурстық орталығы” мемлекеттік коммуналдық мекемесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Ассамблея жастары» РҚБ жастар жобаларын талқылау бойынша кездесу өтті.
Іс-шараға Ақмола ассамблеясы «Санги Кабуд» тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы У.Ф. Шоназаров, Жастар-ресурстық орталығының басшысы Д.А. Ермеков және «Қоғамдық келісім» КММ мамандары қатысты.
Кездесу барысында студент жастармен өзара іс-қимылға, студенттерді Қазақстан халқы Ассамблеясының ағымдағы жобаларына тартуға байланысты және жастар ортасында қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған «Ассамблея жастары» РҚБ жастар жобаларының тізбесін айқындау мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, облысымыздың жоғары оқу орындарында студенттік Ассамблеялар ұйымдары құрылғандығы және бұл студенттік орта жастарға бастамаларын іске асыру үшін жаңа жағдайлар жасауға мүмкіндік екендігі айтылды.