«Орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ-ның Ақмола облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Осиненко Геннадий Вениаминович бүгін 70 жасқа толып, кемел жастың белесіне жетті.

«Орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ-ның Ақмола облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Осиненко Геннадий Вениаминович бүгін 70 жасқа толып, кемел жастың белесіне жетті.

Осы айтулы мерекеге орай Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев мерейтой иесіне Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтау хаттарын салтанатты түрде табыстады.

Құттықтау хаттарында Геннадий Вениаминовичтің өңірде этносаралық келісімді нығайтуға, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсат-міндеттерін іске асыруға қосқан елеулі үлесі жоғары бағаланды. Сонымен қатар оның азаматтық жауапкершілігі мен көпжылдық жемісті еңбегі атап өтіліп, мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығы және ел бірлігі жолындағы қызметіне толағай табыс тілектері жеткізілді.

Айтулы мерейтой — этносаралық татулық пен өзара сыйластықты ту еткен абзал азаматтың еңбегіне көрсетілген жоғары құрметтің айқын көрінісі болды.

2025 жылғы 15 желтоқсанда Достық үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіз Қазақстан: Бірлік. Бейбітшілік. Жасампаздық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолын саралау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің маңызын айқындау, сондай-ақ бейбітшілік пен жасампаздық құндылықтарын насихаттау болды.

Дөңгелек үстелді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Шақшақов Қуаныш Ғибадатұлы модераторлық етті. Іс-шараға қоғам қайраткерлері, ғылыми орта өкілдері, ардагерлер, депутаттар, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, т.ғ.к., профессор Сейтқасымов Аманбай Асылбайұлы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихи даму кезеңдерін жан-жақты баяндады.

Ақмола облыстық мәслихатының «Бірлік» депутаттық тобының мүшесі Аяпбергенова Анар Сайлаубекқызы қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтудағы мемлекеттік саясаттың рөліне ерекше назар аударды. Ал «Ақмола облысының орыс қауымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары Антипова Вероника Андреевна «Наследие независимости: молодёжь как драйвер будущего» тақырыбында баяндама жасап, жастардың ел болашағындағы рөліне ерекше мән берді.

Сонымен қатар, Көкшетау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға анықтаушысы, азаматтық қорғау лейтенанты Жылқыбай Алижан Жанатұлы қызметтік тәжірибесі арқылы ел қауіпсіздігі мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жауапкершілікті бөлісті.

Іс-шара патриоттық ноталармен толықтырылып, патриоттық әнмен қорытындыланды.

Дөңгелек үстел қатысушылары Тәуелсіздікті – ел бірлігі мен бейбітшілігінің берік тірегі деп бағалап, Қазақстанның болашағы жастардың жасампаз бастамаларына тікелей байланысты екендігі жөнінде ортақ пікірге келді.

«Мен- Қазақстандықпын» байқауының марапаттау рәсімі өтті

2025 жылғы 12 желтоқсанда Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ қабырғасында жастар жүрегіне елдік рух ұялатып, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дәріптеуге арналған «Мен – қазақстандықпын!» атты эссе және әлеуметтік бейнероликтер байқауының қорытындысы салтанатты түрде түйінделді. Шара барысында шығармашылық ізденісімен, ой тереңдігімен ерекшеленген жас қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болды.

Байқауға ұсынылған елуге жуық жұмыстың ішінен қазылар алқасы патриоттық мазмұны мен идеялық салмағы айқын 34 эссе мен 10 әлеуметтік бейнероликті іріктеп алды. Бағалау кезінде тақырыптың өзектілігі мен әлеуметтік мәні, ойдың оң арнада өрбуі, сондай-ақ авторлық көзқарастың жаңашылдығы, шығармашылық қиялдың еркіндігі басты назарда болды.

Аталған игі бастама арқылы КММ «Қоғамдық келісім» қоғамның, әсіресе жас буынның санасына бейбіт өмірдің қадірін, татулық пен өзара түсіністіктің маңызын сіңіріп, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру жолындағы жауапкершілікті тағы бір мәрте айқын көрсетті.

«Шаңырақ» шығармашылық байқауының марапаттау рәсімі өтті

Көкшетауда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік құндылықтарын кеңінен насихаттап, ақпарат кеңістігінде тынымсыз еңбек етіп жүрген журналистер қауымы бір шаңырақ астына жиналды. Мұнда 2025 жылға арналған «Шаңырақ» журналистика саласындағы шығармашылық байқауының қорытындысы шығарылып, үздік деп танылған қаламгерлер салтанатты түрде марапатталды.

«Шаңырақ» байқауы – журналистиканың мәртебесін көтеруге, қаламы жүйрік, ойы терең тұлғалардың еңбегін бағалауға бағытталған игі дәстүр. Биылғы байқау қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік тақырыбын кеңінен ашып көрсеткен мазмұнды материалдарды қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Игі бастама 7 номинация бойынша өткізіліп, өңір журналистері тарапынан жоғары қызығушылыққа ие болды. Барлығы 19 өтінім қабылданып, қазылар алқасы олардың ішінен қоғамның өзекті мәселелерін терең қозғаған, ел бірлігін нығайтуға үндеген және этносаралық татулықты дәріптеген үздік жұмыстарды анықтады. Ұсынылған материалдар тың идеяларымен, мазмұндық тереңдігімен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленді.

Салтанатты рәсім барысында сөз алған ұйымдастырушылар «Шаңырақ» байқауының тек шығармашылық жарыс қана емес, журналистердің ізденісін қолдап, жаңа таланттарды тануға бағытталған үлкен алаң екенін атап өтті. Бұл дәстүр алдағы жылдары да жалғасын тауып, ақпарат кеңістігін мазмұнды әрі сапалы материалдармен байыта беретініне сенім білдірілді.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға шығармашылық табыс, шабыт және жаңа белестерді бағындыруға зор мүмкіндік тілектері айтылды. Ел бірлігі мен татулығын насихаттауға үлес қосып жүрген журналистердің еңбегі қоғам үшін аса маңызды екені тағы бір мәрте атап өтілді.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ БІР ЕҢБЕККЕРЛЕР АССАМБЛЕЯСЫ ҚҰРЫЛДЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Ақмола облысында «Kazrost Engineering Ltd» кәсіпорнында Еңбеккерлер ассамблеясының ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев ұжымды құттықтап, Еңбеккерлер ассамблеясының қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Kazrost Engineering Ltd» — өңірдегі ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын отандық өндіруші.

Кәсіпорын қызметкерлері компанияның дамуына қосқан елеулі еңбектері үшін облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Іс-шара соңында «Kazrost Engineering Ltd» компаниясы мен Ақмола облысының Қазақстан халқы ассамблеясы арасында Еңбеккерлер ассамблеясының қызметін үйлестіру және өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды.

Top