Басты бетЖаңалықтарҚоғамдық келісім мен экологиялық мәдениет тоғысқан күн

Қоғамдық келісім мен экологиялық мәдениет тоғысқан күн

Ақмола өңірінде табиғатты қорғауға бағытталған игі бастамалар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның бір жарқын көрінісі – республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған кезекті сенбілік.

Бұл жолы игі іске Ақмола облысының Аналар кеңесі мен Медиация кеңесінің мүшелері, сондай-ақ ғылыми-сараптамалық топтың өкілдері және этномәдени бірлестіктер белсене атсалысты. Қоғамның әр саласын қамтыған бұл бастама – бірлік пен жауапкершіліктің нақты көрінісі.

Акция барысында Көкшетау қаласының көрікті орындарының бірі – Қопа көлінің жағалау аймағы қоқыстан тазартылды. Табиғат жанашырлары көл маңын ретке келтіріп, демалушылар қалдырған тұрмыстық қалдықтарды жинады. Мұндай шаралар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы – жай ғана сенбілік емес, бұл – қоғам санасын жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама. Әсіресе, жастарға үлгі боларлық бұл игі іс қоршаған ортаны қорғаудың маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, аталмыш акцияға қатысушылардың қатарында түрлі этнос өкілдерінің болуы – еліміздегі қоғамдық келісім мен татулықтың айқын дәлелі. Олар ортақ мақсат жолында бірігіп, туған жердің тазалығына үлес қосты.

Жалпы, мұндай экологиялық шаралар қоғамда табиғатқа жанашырлық көзқарасты қалыптастырып, әрбір азаматтың туған жерге деген жауапкершілігін арттыра түседі. Табиғатты аялау – баршаға ортақ міндет. Ал «Таза Қазақстан» сынды бастамалар осы міндеттің маңызын айшықтай түседі.

Тақырып бойынша
spot_img

Ұқсас мақала

Соңғы мақала