Мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды топтастырудың маңызды факторы

«Қоғамдық келісім» КММ онлайн форматта «Өнер алды – қызыл тіл» тақырыбында семинар өткізді. «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Е.Б. Нұғыманов өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев ел болашағының басты қағидаттарының бірі «мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлі» деп айтқанын ерекше атап өтті. Мемлекеттік тілдің негізгі міндеті – өмірдің барлық саласында тілдесу құралы ретінде қызмет ету.

Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғ. Т. Төлеғұл, Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының қызметкері Ж. Қ. Бекішева өз сөздерінде мемлекеттік тілді оқытудың заманауи әдістері туралы, қазақ тілі мәдениеттің бір бөлігі ретінде барлық қазақстандықтарды топтастырудың факторы, барлық этностар үшін қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін жақын танудың негізі болуы тиіс екенін айтты.

«Қоғамдық келісім» КММ жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының мүшесі В. А. Вебер жылдан жылға әртүрлі этностардың жастары мемлекеттік тілді үйренуде, ал оның қолданылу аясы жастар арасында кеңеюде екенін атап өтті.