Қыз қылығымен көрікті
А.ж. 14 қазаны күні «Қыз болашағы – ел болашағы» республикалық онкүндігі аясында Көкшетау қ. қазақ қалалық кітапханасында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің қолдауымен «Қыз қылығымен көрікті» атты «дөңгелек үстелдегі» әңгіме өтті. Оған қыздар клубының жетекшілері, психологтар, көп балалы аналар, студент жастар қатысып, қыздардың рухани, өнегелі тәлім-тәрбиесі, олардың отбасылық өмірге дайындығы туралы сұхбаттасты.
«Дөңгелек үстелдің» негізгі желісі – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің психологиялық, педагогикалалық және рухани, адамгершілік көріністері еді.
Қазіргі қоғамда жанұяның балаларды адамгершілікке тәрбиелеу мәселелерінен алшақтау үрдістері сақталып келеді. Осы ретте ата-аналардың әлеуметке қарсы, адамгершілігі жоқ мінез-құлқы болашақ ана болатын қыздардың санасын бүлдіріп жатқан сияқты.
Жасөспірімдердің ерте есеюі, кәмелет жасына толмағандар арасында қылмыстың өсуі, қыздардың дәстүрлі емес дінге кетуі атап өтілді.
«Дөңгелек үстелдің» қатысушылары отбасылық құндылықтардың мәртебесін, отбасы қалыптастыруда әке мен шешенің, қыздарды өнегелі тәрбиелеуде әйелдерге арналған қоғамдық бірлестіктердің рөлін арттыру аса маңызды деген ортақ ой-пікірге келді. Отбасын берік қылуда әйел затына маңызды орын берілуінің себебі: ол рухани құндылықтарды, қоғамның адамгершілік мұраттарын тәрбиелеуде, сақтау мен нығайтуда негізгі рөлге ие.