Отбасы – қоғам негізі
2019 жылғы 7 қыркүйек күні Достық үйінде Отбасы күніне арналған «Бақытты шаңырақ астында» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараны Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолдауымен «Ақмола облысының орыс қауымы» ҚБ ұйымдастырды.
Жиналғандар алдында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ақмола облысының орыс қауымы» ҚБ төрағасы А. Артеменко және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Чуваш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Е. Мащинская құттықтау сөз сөйледі.
Содан кейін бірге отасып, артта ұзақ жылдар қалдырған отбасыларды марапаттау рәсімі басталды. Сахнаға бірінен соң бірі дәл осылай өмірде де бірге қол ұстасып жүрген жанұялар көтеріліп жатты. Әрқайсысы сан алуан сынақтан өтіп, оны абыроймен өткеріп, бала-шаға тәрбиелеп, немере бағып отыр. Оларды атайтын болсақ, Геннадий Федорович және Ирина Викторовна Зайцевтер, Бейсенбі Әбділманұлы және Шолпан Жүсіпқызы Қажығалиевтер, Александр Петрович және Елена Михайловна Лобановтар, Амангелді Төлеубайұлы және Орынтай Нөкейқызы Аманжоловтар, Владимир Валентинович пен Татьяна Евгеньевна Мухарскийлер, Халил Харисаевич және Минзифа Насибовна Ахметзановтар, Дәуренбек Кенжебайұлы мен Жанар Жанатайқызы Рамазановтар, Михаел Паргевович Айрапетян және Ануш Людвиговна Авдаляндар.
Олар Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар, гүл шоғын алды.
Бұл күні тағы бір салтанатты оқиғаға орын берілді. Достық үйінің сахнасында Соловьевтар жанұясына құрмет көрсетілді. Вениамин Александрович пен оның жары Фаина Михайловна 50 жыл бірге отасып, 2019 жылы алтын тойын тойлады. Оларға «Сүйіспеншілік пен адалдық үшін» медалі табысталып, сондай-ақ Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы атынан алғыс хат берілді.
Қалыптасқан дәстүр бойынша Отбасы күні Достық үйінің сахнасында алғашқы вальс биін жас жұбайлар Әнуар және Айдана Шалбаевтар жанұясы биледі. Облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова жас отбасыға ақ жол тілеп, батасын берді. Іс-шара мерекелік көңіл-күй сыйлаған концертпен жалғасты.