Менің Отанымның әндері
А.ж. 17 қыркүйегі күні Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілдегі «Сәлем саған, туған жер!» атты облыстық жастар байқауы фестивалінің екінші іріктеу айналымын өткізді.
Байқау қатысушыларын қошеметтеген Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі М. Тохаева бұл іс-шара Қазақстан халқы тілдерінің онкүндігі аясында өтіп жатқанын атап өтті. Байқаудың негізгі мақсаты – қазақ ән өнерін насихаттау және дамыту, мемлекеттік тілдің рөлін күшейту.
Елімізде түрлі этностың өзіндік мәдениетін сақтап қалу үшін барлық жағдай жасалған. Осы орайда өзге ұлт жастары қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, мемлекеттік тілде ән орындап, өз Отанының мәдени мұрасына құрметпен қарайтыны ерекше байқалады.
Іріктеу айналымдары Ақмола облысының барлық ауданы мен қаласында өтіп, озып шыққан үздіктері Достық үйінің залында вокалдық қабілеттерін паш ету үшін жиналды. Қатысып отырған әр түрлі этнос өкілдерін қазақ әніне деген махаббат біріктіреді.
Қазылар алдында өте күрделі міндет тұрды. Байқау қатысушыларына назар тігіп отырған көрермендер ду қол шапалағын аямады. Репертуарға келетін болсақ, заманауи әндер де, уақыт сынынан өткен классикалық туындылар да әр тұрғыда шырқалды.
«Сәлем саған, туған жер!» байқауының ақтық кезеңі және қорытынды гала-концерт 2019 жылдың қараша айында өтеді.