ҚХАА ХХVІІ сессиясы өтті
«Ел дамуының негізі- тұрақтылық пен бірлікте» тақырыбында Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының ХХVІІ сессиясы өтті.
Бүгін Достық үйінде «Ел дамуының негізі – тұрақтылық пен бірлікте» тақырыбында Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының ХХVІІ сессиясы өтті.
ҚХАА мүшелері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдарының басшылары қатысқан сессия жұмысына облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының төрағасы Марат Мұратұлы Ахметжанов төрағалық етті.
Өз сөзінде Марат Мұратұлы ҚХА ХХХІІІ сессиясында қойылған міндеттерді өңірімізде орындау барысын айқындады. Елімізде су тасқыны тудырған қиын жағдайда халқымыз бірлік пен төзімділіктің берік үлгісін көрсетіп, күш біріктірді. Өңірімізді қамтыған табиғи апат күндері зардап шеккендерге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен еріктілері айтарлықтай көмек көрсетті. Көмек қолын созған облыстың барлық қамқор азаматтарына алғысын білдірді.
Облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев Ассамблеяның жұмысы мен этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы баяндады. 2024 жылдың басынан бастап Ақмола ассамблеясының этномәдени бірлестіктермен және қоғамдық құрылымдарымен бірлесіп 10 000 адамды қамти отырып, 236 іс-шара өткізді.
Айта кету керек, облыста 47 этномәдени бірлестік тіркеліп, оның 19 қоғамдық аккредиттеуінен өткен. Көкшетау қаласының Достық үйінде 17 облыстық этномәдени бірлестіктің кабинеттері орналасқан.
Шара барысында су тасқыны кезінде 58 млн. теңгеден астам сомаға көмек көрсеткен «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Омар Шоназаров, сонымен қатар жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков, ҚХАА жанындағы ғылыми-сараптама тобының жетекшісі Марат Өтегенов, облыстық Ассамблея мүшелері Зента Цой, Анастасия Ерубаева сөз сөйледі. Сөз алғандар мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, облыстық ҚХА жастар қанатының жобаларын іске асыру және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады.