Қыздар клубын қайта жаңғырту

А. ж. 10 ақпанында Көкшетау қалалық Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті, онда қаланың оқу орындарындағы қыздар клубтары қызметін қайта жаңғырту туралы мәселе талқыланды.

Аталмыш клубтардың басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды жаңғырту, болашақ аналарды үй шаруасына жақсы, қамқор жұбай болуға,  балаларды дұрыс тәрбиелеуге үйрету.

Қазіргі уақытта Көкшетау қаласының мектептері мен ЖОО-да 9 клуб жұмыс істейді, бірақ Кеңес мүшелері олардың санын арттырғысы келеді.

Отырыста өз тәжірибесімен  қалалық № 17 мектеп  қабырғасындағы «Мәншүк» қыздар клубының жетекшісі,  қазақ тілі пәнінің мұғалімі,  үш баланың анасы А.С. Жазиева бөлісті. Оның клубында жоғары сыныптар оқушылары қатарынан 40 қыз бар, Айнагүл Сабырбекқызы оларды отбасылық өмірге, ана болуға даярлау ісімен айналысып, аспаздық және қолөнер бойынша арнайы шеберлік сабақтарын өткізеді.

Кеңесте  қыздар клубын ұйымдастыру және қызмет ету Тұжырымдамасын әзірлеп, қаланың барлық оқу орындарына жеткізу туралы шешім қабылдады.