Медиация туралы заң
Медиация туралы
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 401-IV Заңы.
- Қолданушылар назарына!
- Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
- МАЗМҰНЫ
- РҚАО-ның ескертпесі!
- Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 28-баптан қараңыз.
Осы Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Медиацияның қолданылу саласы
- Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.
- Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қатынастардан туындайтын дауларға (жанжалдарға), егер мұндай даулар (жанжалдар) медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаса немесе қозғауы мүмкін болса, медиация рәсімі қолданылмайды.
- Тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға) медиация рәсімі қолданылмайды.
- Сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім – тараптардың медиация нәтижесінде өздері қол жеткізген жазбаша келісімі;
2) медиатор – осы Заңның талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға;
3) медиаторлар қауымдастығы (одағы) – медиаторлар ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құрылатын ұйым;
4) медиаторлар ұйымдары – медиаторлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін медиацияны дамыту жөніндегі ортақ мақсаттарға қол жеткізуі үшін олардың ерікті негізде бірігуі үшін құрылатын коммерциялық емес ұйымдар;
5) медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі;
6) медиация тараптары – медиация рәсіміне қатысатын, осы Заңның 1-бабының 1-тармағында аталған қатынастар субъектілері;
7) медиация туралы шарт – тараптардың медиация басталғанға дейін дауды (дау-шарды) шешу мақсатында медиатормен жасасатын жазбаша келісімі;
8) медиацияға қатысушылар – медиатор және медиация тараптары.
3-бап. Медиацияның мақсаттары
Медиацияның мақсаттары мыналар болып табылады:
1) дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу;
2) тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
4-бап. Медиацияны жүргізу қағидаттары
Медиация мынадай қағидаттар негізінде жүргізіледі:
1) еріктілік;
2) медиация тараптарының тең құқылығы;
3) медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы;
4) медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік;
5) құпиялық.
5-бап. Еріктілік
- Тараптардың медиация туралы шартта көрсетілген өзара ерікті ниет білдіруі медиация рәсіміне қатысудың шарты болып табылады.
- Медиация тараптары оның кез келген сатысында медиациядан бас тартуға құқылы.
- Медиация барысында тараптар өз қалауы бойынша өздерінің материалдық немесе процессуалдық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға немесе даудан (дау-шардан) бас тартуға құқылы.
- Тараптар мен үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбайтын, заңда көзделген де, заңда көзделмеген де өзара қолайлы келісім нұсқаларын талқылау үшін мәселелерді таңдауда тараптар еркін болады.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
6-бап. Медиация тараптарының тең құқылығы
Медиация тараптары медиаторды, медиация рәсімін, ондағы өз ұстанымын, оны талап ету тәсілдері мен құралдарын таңдау кезінде, ақпарат алу кезінде, дау-шарды реттеу туралы келісім шарттарының қолайлылығын бағалауда тең құқықтарды пайдаланады және өздеріне тең міндеттер жүктейді.
7-бап. Медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы.Медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік
- Медиацияны жүргізу кезінде медиатор тараптардан, мемлекеттік органдардан, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз болады. Медиатор осы Заңда жол берушілік айқындалатын медиация құралдары мен әдістерін таңдауда дербес болады.
- Медиатор бейтарап болуға, медиацияны екі тараптың мүддесі үшін жүргізуге және медиация рәсіміне тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Медиатордың бейтараптылығына кедергі келтіретін жағдайлар болған кезде ол медиацияны жүргізуден бас тартуға тиіс.
- Медиацияны жүргізу кезінде медиатордың қызметіне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендерден басқа жағдайларда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар тарапынан араласуына жол берілмейді.
8-бап. Құпиялық
- Медиацияға қатысушылардың өздеріне медиация барысында белгілі болған мәліметтерді осы ақпаратты берген медиация тарапының жазбаша рұқсатынсыз жария етуге құқылы емес.
- Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендерден басқа жағдайларда, медиатордан медиация барысында белгілі болған мәліметтер туралы куәгер ретінде жауап алуға болмайды.
- Медиацияға қатысушының өзіне медиация барысында белгілі болған мәліметтерді осы ақпаратты берген медиация тарапының рұқсатынсыз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2-тарау. МЕДИАТОРЛАРДЫҢ ЖӘНЕ МЕДИАЦИЯНЫ ЖҮРГІЗУДІ
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
9-бап. Медиаторларға қойылатын талаптар
- Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады.
- Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін.
- Мыналар:
1) қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар;
2) Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.
- Мыналар:
1) жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар;
2) отставкадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.
- Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.
- Медиатор қызметін жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген өзге қызметті де жүзеге асыруға құқылы.
- Мыналар:
1) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген;
2) заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
3) оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын;
4) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.
- Медиация тараптарының келісімімен медиаторға қойылатын қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
10-бап. Медиатордың құқықтары мен міндеттері
- Медиатор:
1) медиация барысында бір мезгілде барлық тараптармен де, тараптардың жеке-жеке әрқайсысымен де кездесулер өткізуге және оларға дауды (дау-шарды) шешу жөнінде ауызша әрі жазбаша ұсынымдар беруге;
2) құпиялылық қағидатын сақтай отырып, өз қызметін жүзеге асыруы туралы жұртшылықты хабардар етуге құқылы.
- Медиатор:
1) медиацияны жүргізген кезде медиация тараптарының келісімімен ғана әрекет етуге;
2) медиация басталғанға дейін медиация тараптарына оның мақсаттарын, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге міндетті.
- Кәсіпқой медиатор медиаторлар қауымдастығы (одағы) бекітетін Медиаторлардың кәсіптік этикасы кодексін сақтауға, сондай-ақ медиаторлар ұйымы белгілеген талаптар бойынша атқарылған жұмыс туралы ай сайын есеп беруге міндетті.
- Медиатордың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары мен басқа да міндеттері бар.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
11-бап. Медиация тараптарының құқықтары мен міндеттері
- Медиация тараптары:
1) медиаторды (медиаторларды) ерікті түрде таңдауға;
2) медиатордан бас тартуға;
3) медиацияның кез келген сәтінде оған қатысудан бас тартуға;
4) медиацияны жүргізуге жеке өзі немесе өкілеттіктері заңда белгіленген тәртіппен ресімделген сенімхатқа негізделген өкілдері арқылы қатысуға;
5) дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді орындамаған немесе тиісті дәрежеде орындамаған кезде сотқа немесе оған байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медиация жүзеге асырылған, іс жүргізуінде жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жүгінуге құқылы.
- Медиация тараптары дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға міндетті.
- Медиация тараптарының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары мен басқа да міндеттері бар.
12-бап. Медиатордың бас тартуы
- Медиация тараптары өзара келісім бойынша басқа медиаторды таңдауға құқылы.
Азаматтық немесе қылмыстық сот ісін жүргізу барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар бұл туралы сотқа не қылмыстық қудалау органына хабарлауға міндетті.
- Медиация қағидаттарына сәйкес медиатордың өз функцияларын жүзеге асыруына кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, медиатор дереу өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті.
- Егер медиатордың пікірі бойынша медиацияны жүргізу процесіндегі одан арғы күш-жігер тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) шеше алмайтын болса, медиатор оны жүргізуден бас тартуға не тараптардың жазбаша нысанда бекітілген келісімімен медиацияны тоқтатуға құқылы.
13-бап. Медиаторлар ұйымдары
- Медиаторлар ұйымдары медиаторлардың бастамасы бойынша “Коммерциялық емес ұйымдар туралы” Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған коммерциялық емес, мемлекеттік емес, өзін-өзі қаржыландыратын және өзін-өзі басқаратын ұйым болып табылады.
- Медиаторлар ұйымы медиаторлардың медиацияны жүргізу жөнінде қызметтер көрсетуiнiң материалдық, ұйымдық-құқықтық және өзге де шарттарын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
- Медиаторлар ұйымдары медиация бойынша тиісті даярлықтан өткені туралы құжат (сертификат) бере отырып, медиаторларды кәсіби даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды өткізуге құқылы.
- Медиаторлар ұйымдары өз қызметін үйлестіру, медиаторлардың кәсіби қызметінің стандарттарын (қағидаларын), медиацияны жүргізу тәртібін (регламентін), медиация тараптарының медиаторларға сыйақы төлеу тәртібін әзірлеу және біріздендіру мақсатында қауымдастыққа (одаққа) бірігуге құқылы.
- Медиаторлар ұйымына немесе медиаторлар қауымдастығына (одағына) кіру ерікті негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте медиаторлар ұйымының немесе медиаторлар қауымдастығының (одақтың) кіру жарнасын алуына жол берілмейді.
- Медиаторлар қауымдастығы (одағы) Медиаторлардың кәсіптік этикасы кодексін әзірлеуге және оны бекітуге құқылы.
14-бап. Медиаторлар ұйымдарының кәсіпқой медиаторлар тізілімін жүргізуі
- Әрбір медиаторлар ұйымы Қазақстан Республикасының аумағында медиацияны жүзеге асыратын кәсіпқой медиаторларының өзінің тізілімін жүргізеді.
- Медиаторлар кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қосылу үшін медиаторлар ұйымына жеке куәлігінің көшірмесін (салыстырып тексеру үшін жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариат куәландырған көшірмесін); үміткерге тұрғылықты жері бойынша наркологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардан және психоневрологиялық ұйымнан берілген медициналық анықтамаларды; соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы, жоғары білімі туралы дипломының және медиация бойынша арнайы даярлықтан өткендігін растайтын құжаттың (сертификаттың) көшірмелерін ұсынуы қажет.
- Кәсіпқой медиаторлар тізілімі мыналарды қамтиды:
1) медиатордың тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болған кезде);
2) медиатордың заңдық мекен-жайы;
3) медиатордың байланыс деректері (пошта мекен-жайы немесе электрондық поштаның мекен-жайы не телефон немесе телефакс нөмірі);
4) медиатордың маманданып жүрген медиация саласы туралы мәліметтер;
5) медиатордың медиацияны жүзеге асыра алатын тілі туралы мәліметтер;
6) медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаттың (сертификаттың) бар екендігі туралы мәліметтер;
7) медиатордың қызметін тоқтата тұру туралы мәліметтер.
- Медиаторлар ұйымы медиаторларды осы Заңның осы бабының 3-тармағының және 9-бабының талаптарына сәйкес болған жағдайда тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде хабарлау тәртібімен кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қосады.
Медиаторды кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қоспаған жағдайда медиаторлар ұйымы тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.
- Егер тиісті жылдың 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде медиатор тізілімде болу мерзімін кезекті күнтізбелік жылға ұзарту туралы өтініш бермесе, медиаторлар күнтізбелік жыл аяқталған соң кәсіпқой медиаторлар тізілімінен шығарылады. Тізілімде болу мерзімін ұзарту туралы өтінішті электрондық түрде медиаторлар ұйымының электрондық мекен-жайына ұсынуға болады.
- Кәсіпқой медиаторлар тізілімі медиаторлар ұйымының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылуға және оған медиаторларды енгізу шамасына қарай жаңартылуға тиіс. Медиаторлар ұйымдары мерзімді баспасөз басылымдарында кәсіпқой медиаторлар тізілімін жариялауға құқылы.
- Медиатор осы Заңның талаптарын бұзған жағдайда медиация рәсіміне қатысушы тараптар тиісті өтінішпен медиаторлар ұйымына жүгінуге құқылы. Бұзушылық расталған кезде медиаторлар ұйымы бұл туралы кәсіпқой медиаторлар тізілімінде көрсете отырып, медиатордың қызметін алты ай мерзімге тоқтата тұрады.
- Медиаторлар ұйымының медиаторды кәсіпқой медиаторлар тізіміне енгізуден бас тарту, одан шығару, оның қызметін тоқтата тұру туралы шешіміне сотқа шағымдануына болады.
15-бап. Жергілікті қоғамдастық мүшелерінің медиацияны жүргізуі
- Өз қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлармен қатар медиацияны жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) осындай мақсатта сайлайтын жергілікті қоғамдастықтың өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар мүшелері жүргізе алады.
- Жергілікті қоғамдастық мүшелерін кәсіпқой емес медиаторлар ретінде сайлау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының (жиынының) хаттамасы он жұмыс күні ішінде осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген құжаттармен, сондай-ақ 16-бабының 3-тармағына сәйкес мәліметтермен қоса кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қосу үшін уәкілетті органға жіберіледі.
16-бап. Аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің кәсіпқой емес медиаторлар тізілімін жүргізуі
Ескерту. 16-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
- Аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі (бұдан әрі – уәкілетті орган) Қазақстан Республикасының аумағында медиацияны кәсіби емес негізде жүзеге асыратын кәсіби емес медиаторлардың тізілімін жүргізеді.
- Медиацияны кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлар кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қосылу үшін уәкілетті органға жеке куәліктерінің көшірмелерін (салыстырып тексеру үшін жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариат куәландырған көшірмесін); үміткердің тұрғылықты жері бойынша наркологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымнан және психоневрологиялық ұйымнан берілген медициналық анықтамаларды; соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы қоса ұсына отырып жүгінуге міндетті.
- Кәсіпқой емес медиаторлар тізілімі мыналарды қамтиды:
1) медиатордың тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болған кезде);
2) медиатордың заңдық мекен-жайы;
3) медиатордың байланыс деректері (пошталық мекен-жайы немесе электрондық поштаның мекен-жайы не телефон немесе телефакс нөмірі);
4) медиатордың маманданып жүрген медиация саласы туралы мәліметтер;
5) медиатордың медиацияны жүзеге асыра алатын тілі туралы мәліметтер;
6) медиатордың қызметін тоқтата тұру туралы мәліметтер.
- Уәкілетті орган медиаторларды осы Заңның осы бабының 2-тармағының және 9-бабының талаптарына сәйкес болған жағдайда тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде хабарлау тәртібімен кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қосады.
Медиаторды кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қоспаған жағдайда уәкілетті орган тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.
- Егер тиісті жылдың 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде тізілімде болу мерзімін кезекті күнтізбелік жылға ұзарту туралы медиаторлардың өтініші ұсынылмаса, медиаторлар күнтізбелік жыл аяқталған соң кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінен шығарылады. Тізілімде болу мерзімін ұзарту туралы өтінішті электрондық түрде уәкілетті органның электрондық мекен-жайына ұсынуға болады.
- Кәсіпқой емес медиаторлардың тізілімі уәкілетті органның интернет-ресурсында не жұртшылық үшін қолжетімді жерлерде қазақ және орыс тілдерінде орналастырылуға және оған медиаторлардың енгізілуіне қарай жаңартылып отыруға тиіс.
Уәкілетті орган мерзімді баспасөз басылымдарында кәсіпқой емес медиаторлар тізілімін жариялауға құқылы.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3-тарау. МЕДИАЦИЯНЫ ЖҮРГІЗУ
17-бап. Медиацияны жүргізу тәртібі
- Медиация осы Заңның талаптарына қайшы келмейтін тараптар келіскен тәртіп бойынша жүргізіледі.
- Медиаторлар ұйымдары бекіткен медиацияны жүргізу тәртібі (регламенті) тараптардың келісімімен қолданылуы мүмкін.
18-бап. Медиацияны жүргізу орны және уақыты
- Тараптар өздерінің қалауы бойынша медиацияны жүргізу орны туралы уағдаласа алады.
- Медиатор медиацияны жүргізу күні мен уақытын тараптардың келісімімен айқындайды.
19-бап. Медиацияны жүргізу тілі
Тараптар медиацияны жүргізу барысында пайдаланылатын тіл немесе тілдер туралы өздерінің қалауы бойынша уағдаласа алады.
20-бап. Медиацияны жүргізу шарттары
- Медиацияны жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады.
- Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін.
- Судьялардың және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдар лауазымды тұлғаларының тараптарды қандай да болмасын нысанда медиацияға мәжбүрлеуге құқығы жоқ.
- Тарапқа медиацияға жүгінуге ұсынысты басқа тараптың өтініші бойынша, сот немесе қылмыстық қудалау органы жасауы мүмкін.
- Медиацияны жүргізу медиация тараптары медиация туралы шарт жасасқан күннен басталады.
- Егер тараптардың бірі медиацияға жүгіну туралы ұсынысты жазбаша түрде жіберсе және оны жіберген күннен бастап он күн ішінде немесе ұсыныста көрсетілген өзге де орынды мерзімде медиация рәсімін қолдануға басқа тараптың келісімін алмаса, мұндай ұсыныс қабылданбаған болып есептеледі.
- Медиацияны жүргізу үшін тараптар өзара келісім бойынша бір немесе бірнеше медиаторды таңдайды.
- Медиаторлар ұйымы, егер тараптар аталған ұйымға тиісті өтініш жіберсе, медиатордың (медиаторлардың) кандидатурасын ұсына алады.
- Медиацияны өткізу мерзімдері осы Заңның 23-бабы 1-тармағының және 24-бабы 4-тармағының талаптарын ескере отырып, медиация туралы шартпен айқындалады.
Егер медиация азаматтық не қылмыстық процесс шеңберінен тыс жүзеге асырылатын болса, медиатор мен тараптар аталған рәсім күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде тоқтатылуы үшін барлық ықтимал шараларды қабылдауға тиіс. Айрықша жағдайларда шешілетін даудың (дау-шардың) күрделілігіне, қосымша ақпаратты немесе құжаттарды алудың қажеттілігіне байланысты медиацияны жүргізу мерзімі медиация тараптарының уағдаласуы бойынша және медиатор келіскен кезде ұлғайтылуы мүмкін, бірақ ол күнтізбелік отыз күннен аспайды.
Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
21-бап. Медиация туралы шарттың нысаны мен мазмұны
- Тараптар дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешу туралы өзара келіскен жағдайда жазбаша нысанда ресімделген медиация туралы шарт жасалады.
- Медиация туралы шарттың маңызды талаптары:
1) медиация туралы шарттың жасалған күні, уақыты және орны;
2) дау (дау-шар) тараптарының атаулары, өкілеттіктері көрсетілген олардың өкілдерінің тегі және аты-жөні, лауазымдары;
3) даудың (дау-шардың) нысанасы;
4) медиация тараптары таңдаған медиатор (медиаторлар) туралы мәліметтер;
5) медиацияны жүргізуге байланысты шығыстардың, ал медиацияны кәсіби негізде жүзеге асырған жағдайда – медиацияны жүргізгені үшін медиаторға (медиаторларға) сыйақы төлеудің шарттары, тәртібі және мөлшері;
6) медиацияны жүргізу тілі;
7) медиацияны жүргізудің құпиялылығы туралы тараптардың міндеттемесі және мұндай міндеттемені орындамаудың салдары;
8) медиация тараптарының дауды (дау-шарды) реттеуге қатысатын медиатордың медиация тараптары үшін шығын (залал) келтірген әрекеті (әрекетсіздігі) үшін жауапкершілігінің негіздері мен көлемі;
9) тараптардың деректемелері (жеке басын куәландыратын деректер, тұрғылықты жері, байланыс телефондары);
10) медиацияны жүргізу мерзімі;
11) медиацияны жүргізу тәртібі болып табылады.
- Тараптардың келісімі бойынша медиаторларға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
- Тараптар медиация тараптарының медиаторға медиация жүргізгені үшін сыйақы төлеу шарттары, тәртібі және мөлшері медиаторлар ұйымы бекіткен тәртіппен (регламент) белгіленетіні туралы уағдаласа алады.
22-бап. Медиацияны жүргізуге байланысты шығыстар
- Медиацияны жүргізуге байланысты шығыстар мыналарды қамтиды:
1) медиаторға сыйақы төлеу;
2) медиацияны жүргізуге байланысты медиатор шеккен шығыстар, оның ішінде дау қаралатын жерге жол жүру ақысын төлеуге, қонақүйде тұруға және тамақтануға арналған шығыстар.
- Кәсіби медиаторлар медиацияны ақылы да, тегін негізде де жүзеге асырады.
- Кәсіпқой медиатор (медиаторлар) сыйақысының мөлшері медиация басталғанға дейін медиатормен (медиаторлармен) тараптардың келісімі бойынша айқындалады.
- Егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, медиацияны жүргізуге байланысты шығыстарды тараптар бірлесіп тең үлестермен төлейді.
- Егер медиатор өзінің бейтараптығына кедергі келтіретін мән-жайларға байланысты медиацияны жүргізуден бас тартса, ол тараптардың өзіне төлеген ақшалай сомасын қайтаруға міндетті.
- Кәсіпқой емес медиаторларға осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында аталған медиацияны жүргізуге байланысты өздері шеккен шығыстар өтеледі.
23-бап. Медиацияның жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастары саласындағы ерекшеліктері
- Медиация жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда тараптардың өзара шешімі бойынша медиацияны жүргізу мерзімі күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін, бірақ жиынтығында ол күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.
- Медиация соттың қарауында жатқан жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда, тараптар кейіннен сотқа бірлескен жазбаша хабарлама жібере отырып, медиацияны жүргізу мерзімін күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартуы мүмкін, бірақ ол жиынтығында күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.
- Соттың қарауында жатқан жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу бойынша медиация туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады.
- Азаматтық процесс шеңберінде жүргізілген медиация тоқтатылған жағдайда тараптар іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан сотқа тез арада:
1) дауды реттеу туралы келісімге қол қойылған жағдайда – аталған келісімді;
2) өзге жағдайларда – осы Заңның 26-бабында көзделген негіздерді көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жіберуге міндетті.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
24-бап. Қылмыстық сот ісі барысында жүргізілетін медиацияның ерекшеліктері
- Тараптардың медиация туралы шарт жасасуы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрмайды.
- Медиацияға қатысу фактісі медиация тарапы болып табылатын сот ісін жүргізуге қатысушының кінәні мойындауының дәлелі бола алмайды.
- Егер медиацияны жүргізу кезінде тараптардың бірі кәмелетке толмаған адам болса, педагогтің немесе психологтің немесе кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің қатысуы міндетті.
- Қылмыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгіленген сотқа дейінгі және сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылуға тиіс.
- Дау-шарды реттеу туралы келісімге қол қоюдан бас тарту медиация тарапы болып табылатын сот ісін жүргізуге қатысушының жағдайын нашарлата алмайды.
- Қылмыстық процесс шеңберінде жүргізілген медиация тоқтатылған жағдайда тараптар іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға дереу:
1) дау-шарды реттеу туралы келісімге қол қойылған жағдайда – аталған келісімді;
2) өзге жағдайларда – осы Заңның 26-бабында көзделген негіздерді көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жіберуге міндетті.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
25-бап. Медиацияның отбасылық қатынастар саласындағы ерекшеліктері
- Некені жалғастыруға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуге, ата-аналарының балаларды бағып-күтуге салымына қатысты ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер, сондай-ақ отбасылық қатынастардан туындайтын басқа да келіспеушіліктер медиация арқылы шешілуі мүмкін.
- Медиацияны жүргізген кезде медиатор баланың заңды құқықтарын ескеруге тиіс.
- Егер медиация барысында баланың қалыпты өсуіне және дамуына қауіп төндіретін немесе төндіруі мүмкін немесе оның заңды мүдделеріне елеулі залал келтіретін фактілер белгілі болса, медиатор баланың құқықтарын қорғау жөніндегі өкілеттікті жүзеге асыратын органға жүгінуге міндетті.
26-бап. Медиацияны тоқтату
Медиация:
1) тараптар дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімге қол қойған жағдайда – мұндай келісімге қол қойылған күннен бастап;
2) медиатор дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешу мүмкіндігін болдырмайтын мән-жайларды анықтаған жағдайда;
3) тараптар дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешудің мүмкін еместігіне байланысты медиациядан жазбаша бас тартқан жағдайда – тараптар жазбаша бас тартуға қол қойған күннен бастап;
4) тараптардың біреуі медиацияны жалғастырудан жазбаша бас тартқан жағдайда – медиатор жазбаша бас тартуды жіберген күннен бастап;
5) медиацияны жүргізу мерзімі аяқталған жағдайда – осы Заңның 23 және 24-баптарының ережелерін ескере отырып, ол аяқталған күннен бастап тоқтатылады.
27-бап. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім
- Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды.
- Келісімде медиация тараптары, даудың (дау-шардың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылуға тиіс.
- Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс.
- Азаматтық істі сотта қарағанға дейін жасалған дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім тараптардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәмілені білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тарапы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жауаптылықта болады.
- Азаматтық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім дереу іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан судьяға жіберіледі. Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен бекітеді.
Бұл ретте төленген мемлекеттік баж “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс.
- Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген жанжалды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген зиянның орнын толтыру және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жәбірленушімен татуласуы жолымен жанжалды реттеу туралы келісімді білдіреді.
- Аталған келісім дереу іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберіледі және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын не оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады.
- Дау-шарды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді.
- Келісімді орындаудан жалтарған жағдайда мүдделі тарап келісім бойынша міндеттемені оңайлатылған жазбаша іс жүргізу тәртібімен орындау туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің “Республикалық құқықтық ақпарат орталығы” ШЖҚ РМК