Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің кіру процесін ұйымдастыру, олардың өкілеттіктерін тоқтату жөніндегі нұсқаулық

№ исх: 1203//21-35-18.8/1.4-16/1519   от: 27.01.2021

№ вх: 401   от: 27.01.2021

Қазақстан халқы Ассамблеясы

мүшелерінің кіру процесін ұйымдастыру,

олардың өкілеттіктерін тоқтату жөніндегі

нұсқаулық

 

  1. Осы Нұсқаулық «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұдан әрі – Ассамблея) мүшелерінің кіруін ұйымдастыру, Ассамблея мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату, сондай-ақ азаматтарды Ассамблея мүшесінің мүшелігі және өкілеттіктерінің тоқтатылуы туралы хабардар ету мәселелерін реттейді.
  2. Ассамблеяға және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың Ассамблеяларына мүшелік, сол сияқты Ассамблея мүшесінің өкілеттігін тоқтату Заңның 15 және 17-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.
  3. Ассамблея мүшелігіне кандидаттар ұсыну кезінде Ассамблея Кеңесі шешімінің жобасына не облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, Астана Ассамблеялары сессиялары шешімінің жобасына ұсынылатын кандидатуралардың жазбаша өтініш-хатына олардың келісімін қоса беру қажет.
  4. Этносаралық саясат саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет Ассамблея мүшелігіне кандидатуралар ұсыну құқығы бар субъектілерден қажетті материалдарды сұратады, қажетті құжаттардың болуын/болмауын және Ассамблеяға мүшелікті ресімдеудің дұрыстығын тексереді.
  5. Материалдарды жинағаннан кейін уәкілетті орган 5 күндік мерзімде белгіленген нысан бойынша арнайы мемлекеттік органдарға (ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Ішкі істер министрлігі) кандидаттардың соттылығының бар-жоғын анықтау не оларды қылмыстық жауаптылыққа тарту, азаматтығынан айырылу не Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кету үшін Ассамблея мүшелігіне кандидатуралар тізімін жібереді.
  6. 5-тармақта көрсетілген фактілер анықталған жағдайда уәкілетті мемлекеттік орган бұл туралы кандидатураны енгізген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ассамблеясының аппаратына (Хатшылығына) және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімінің аппаратына хабарлайды және осы кандидатуралар Ассамблея мүшелігіне кандидатуралардың тізімінен шығарылады.
  7. Тексеру рәсімдері жүргізілгеннен кейін Ассамблея мүшелігіне ұсынылатын барлық кандидатуралар Ассамблея Кеңесінің отырысында қаралады және Ассамблея Төрағасының орынбасарлары Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне ұсынады.
  8. Ассамблеяның және оның кеңесінің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті, Ассамблея аппараты (Хатшылығы) бекіткеннен кейін оларға деректемелер (нөмірі мен күні) беріледі, көрсетілген құжаттар жұмыс істеу үшін этносаралық саясат саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға жіберіледі.
  9. Уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Президентінің Ассамблея мен оның кеңесінің құрамы туралы шешімін алғаннан кейін 10 күн мерзімнен кешіктірмей Ассамблея мүшелерінің мүшелікке кіруі не өкілеттіктерінің тоқтатылғаны туралы ресми жазбаша хабарлауды ұйымдастырады.
  10. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана ассамблеясының мүшелерін хабардар етуді жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Президентінің Ассамблея мен оның кеңесінің құрамы туралы шешімін алғаннан кейін 10 күн мерзімнен кешіктірмей жүргізеді.
  11. Хабарлама хатта заңның нормаларына негіздеме, сілтеме және Ассамблея Кеңесі шешімінің деректемелері көрсетілуге тиіс. Хатты қағаз жеткізгіште жіберу мүмкін болмаған кезде оған лауазымды адам қол қояды, мемлекеттік органның шығыс хат-хабарына тіркеледі, сканерленеді және электрондық пошта не мессенджер арқылы жіберіледі.
  12. Уәкілетті мемлекеттік орган бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ассамблеясының аппаратына (Хатшылығына) жүргізілген жұмыс туралы хабарлайды.

_________________