Облыстық ассамблея төрағасымен өткен кездесу
Облыс әкімі, Ақмола ҚХА төрағасы Марат Ахметжанов ассамблеяның этномәдени бірлестіктердің және қоғамдық құрылымдардың басшыларымен кездесті. Жиында жалпыұлттық татулық пен келісімді сақтау, елдің дамуы жолындағы әр азаматтың рөлі жайлы айтылды.
Дөңгелек үстел басталмас бұрын Марат Ахметжанов «Қоғамдық келісімді» аралап, этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысып шықты. Бұдан кейін жиынды ашқан облыс әкімі Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда көтерген мәселелерге қысқаша тоқталып өтті.
Қазіргі таңда, облыс аумағында 49 этно мәдени бірлестік бар. Ал, Қазақстан Халқы Ассамблеясына 24 ақмолалық мүшелік етеді. Ассамблеяның басқа да жетістіктері жайлы секретариат меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев баяндады.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасының орынбасары Ермек Нұғыман жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындығы мекеменің атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.
Кездесуде сөз алған «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойшин мемлекеттік тілді дамыту, мәдениетімізді нығайту жолында бірлесіп жұмыс істеу керектігін алға тартты. Бұл бағытта айтарлықтай еңбек етіп жүрген жастардың бірі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Милана Тарасова, өз сөзінде бүгінде «Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы «Мәміле» сөйлеу клубында 70 ақмолалыққа қазақ тілін үйретіп жатқаны туралы айтты.
Жиын қатысушылары этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың алдағы жұмыстарын нығайтып, сапасын арттыруға бағытталған жоспарларымен де бөлісті.
Кездесу соңында Марат Ахметжанов ұлтаралық татулықтың қоғамдағы рөлі өте маңызды екенін баса айтты. Халық арасында ауызбіршілік болмаса, елдің дамуы, барлық салалар бойынша алға жылжуы мүмкін емес, – деді облыс әкімі.