«Ұрпақтар диалогы» ғылыми-практикалық конференция
Бүгін Достық үйінде ҚХА 30жылдығын атап өту шеңберінде ұрпақтар сабақтастығына арналған «Ұрпақтар диалогы» ғылыми-практикалық конференцияcы өтті.
ҚХА мен ҚХАА этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдарының өкілдері, ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысқан жиынды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айтбаев Досұлан Ерланұлы құттықтау сөзімен ашты.
Конференция жұмысына ZOOM арқылы қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары, «Социология» мамандығы бойынша PhD докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Отар Эльмира Сәкенқызы, осы университеттің аға оқытушысы, Қазақстанның удмурт этникалық тобының өкілі Кошман Татьяна Васильевна казіргі таңда ұрпақтар арасындағы байланысқа қатысты мәселелерге ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
Ақмола ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Бекенұлы Нұғыман, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Яндиев Герихан Ибрагимович және басқа да сөз алғандар аталған тақырыпқа байланысты өздерінің тұшымды пікірлерін білдірді.
Ағымдағы жыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Адал, қажырлы еңбекпен жетістікке жеткен біздің адамдар әрқашан құрмет пен абыройға ие болады. Өз ісінің мамандарының арқасында ұлтымыздың жаңа сапасы қалыптасуда. Екінші буындағы тау-кен өндіру саласындағы әулеттің жалғастырушысы «Алтынтау Көкшетау» акционерлік қоғамының қызметкері Игорь Александрович Барыбин жұмысшы мамандығы мәртебесі жайлы өз ойымен бөлісті.
Отырыс барысында бейбітшілік пен амандықты, Қазақстанның бірлігін бейнелейтін «Қасиетті сандық» мәдени-ағартушылық акциясының басталғаны жайлы «Қоғамдық келісім» басшысы Қуаныш Шақшақов жариялады.
Конференцияның қорытындысы бойынша резолюция қабылданды. Қазіргі таңда ұрпақтар арасындағы байланысқа қатысты мәселелерге ерекше назар аудару әбден орынды. Мұндай шаралардың өткізілуі рухымыздың асқақтауына зор септігін тигізері сөзсіз.