Алғашқы пікірсайыс турнирі
13 мамыр күні Достық үйінде Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-і және «Ақмола Пікірсайыс Федерациясы» басшылығының ұйымдастыруымен, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы қарсаңында «ASSAMBLY JASTARY CUP I» атты облыстық пікірсайыс турнирі өтті.
Облысымызда бірінші рет ұйымдастырылған шараның салтанатты ашылуында «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары А.Нұрмағанова және «Ақмола Пікірсайыс Федерациясы» төрағасы Н.Бердібек қатысушыларға құттықтау сөзін арнап, сәттілік тіледі.
Іс-шараның мақсаты белсенді жастардың өз ойларын қалыптастыру, ораторлық шеберліктерін көпшілікке дәріптеу, студенттердің әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру болып табылады. Пікірсайысқа 2 спикерден құрылған 16 фракция қатысып, үздік ойыншылар спикерлік ұпай саны бойынша анықталды.
Сайыстың корытындысы бойынша пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары, «Ең үздік спикер», «Үздік төреші» номинациясы үздіктері дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.